Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Фото: «АлматыМетроҚұрылыс»
Жоба «АлматыМетроҚұрылыс» АҚ акционері Қайрат Реимовтың жеке инвестициясы есебінен жүзеге асырылады. Компанияның мәліметінше, бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту жөніндегі тапсырмасына отандық бизнестің қолдауы ретінде қолға алынған.
Болашақ спорт кластері Құлагер шағын ауданындағы 3,7 гектар жеке аумақта бой көтереді. Барлық қажетті келісімдер уақытында алынған жағдайда, кешеннің құрылысы 1,5-2 жыл ішінде аяқталады деп жоспарланған.
Жоба аясында 500 орындық жалпы білім беретін мектеп, Қазақстанның барлық өңірінен келетін балаларға арналған 320 орындық кампус-қонақүй, спорттық тамақтану орталығы, саябақ аймақтары мен фитнес алаңдары салынады.
Кешен аумағында FIFA талаптарына сай екі толық өлшемді футбол алаңы орналастырылады. Оның бірі жабық манежде орналасып, спортшыларға жыл бойы ауа райына қарамастан жаттығуға мүмкіндік береді.
Жоба авторларының айтуынша, академияда балаларға оқу мен спортты қатар алып жүруге барлық жағдай жасалады. Сонымен қатар, өңірлердегі дарынды жас футболшыларға сапалы білім алып, кәсіби дайындықтан өтуге тең мүмкіндік беріледі.
Кешеннің басты сәулеттік ерекшеліктерінің бірі – негізгі ғимараттың төбесіне орнатылатын алып футбол добы болмақ. Арнайы жарықтандырудың арқасында ол Алматының жаңа символдарының біріне айналып, күндіз де, түнде де алыстан көзге түсетін көрнекті нысан болады деп күтіледі.
Еске сала кетейік, бүгінде Алматыда «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясы жұмыс істейді. Аталған кешенге маусым айында Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен барған болатын.