Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Алматыда Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері ғылыми қауымдастық өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кездесуде жаңа Конституция жобасының маңызы мен оның озық ойлы ұлт қалыптастырудағы рөлі талқыланды.
«Білім, ғылым және инновациялар елдің негізгі ресурстары мен даму драйверлеріне айналып, экономикалық өсімнің жаңа моделінде маңызды орын алады. Бұл табиғи ресурстармен, өнеркәсіппен және басқа да экономикалық салалармен қатар адами капитал сапасы, оның жаһандық экономикалық дағдарыстар мен геосаяси сын-қатерлер дәуіріндегі бәсекеге қабілеттілігі алдыңғы қатарға шығатынын білдіреді», – деп атап өтті Аида Балаева.
Ол жаңа Конституция жобасы азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге және адам құқықтары ең жоғары басымдық ретінде айқындалған мемлекеттің орнықты дамуына бағытталғанын айтты. Цифрландыру мен технологиялық өзгерістер кезеңінде ғылыми әзірлемелер мен елдің зияткерлік әлеуетін дамыту айрықша мәнге ие болып отыр.
«Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық реформа Қазақстанның жаңа даму моделіне көшуін айқындайды, оның негізінде – адами капитал жатыр. Бүгінде басты ресурс – шикізат та, инфрақұрылым да емес, азаматтардың интеллекті, олардың білімі мен технология жасау қабілеті. Біздің міндет – қабылданған өзгерістерді формалды түрде орындау емес, оларды Әділетті Қазақстанды құру мүддесіне сай толық әрі жүйелі жүзеге асыру», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Кездесу барысында ғылым өкілдері, соның ішінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Вячеслав Локшин, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілеп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев ғылым мен білімнің басымдығын конституциялық деңгейде бекітудің маңыздылығын атап өтті.
«Бұл референдум – ел дамуының аса маңызды кезеңі. Азаматтардың саналы таңдауы құқықтық жүйені нығайтуға және мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға ықпал етеді. Сондықтан ғылыми қауымдастықтың қоғамдық диалогқа қосқан үлесі ерекше маңызды», – деп түйіндеді Аида Балаева.
Кездесу соңында қатысушылар республикалық референдумға белсенді қатысу елді жаңғырту мен оның зияткерлік әлеуетін нығайтудың маңызды қадамы екенін атап өтті.