Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, 26 наурыздан бастап мегаполистің орман алқаптарында, сквер мен саябақтарында кенелерге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстары басталды. Жалпы көлемі – 2 366,56 га болады.
– Дезинсекциялық өңдеу бекітілген кестеге сәйкес және ауа-райы жағдайларын ескере отырып, жауын-шашын болмаған жағдайда жүргізіледі. Айтылған іс-шаралар Ұлттық сараптама орталығының Алматы қаласы бойынша филиалымен қаланың санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының тікелей бақылауымен жүзеге асырылады. Құрылған дезинфекциялық бригадалар қажетті жабдықтармен, көлік құралдарымен және жеке қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілген, - деді ол.
Кенелерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін «Ципертрин» препараты қолданылады. Әсел Қалықова препарат адамдар мен жануарлардың денсаулығы үшін қауіпсіз екенін атап өтті. Сонымен қатар өңдеу жүргізілетін аймақтарда «Кенелерге қарсы өңдеу жүргізілуде» деген жазуы бар ақпараттық тақтайшалар орнатылады.
Қала тұрғындарына сақтық шараларын сақтау ұсынылды:
– кенелерге қарсы өңдеу жүргізілетін орындарда препарат теріге және киімге тимейтіндей жақындамау;
– препарат толық кепкенге дейін үй жануарларын өңделген аумаққа шығармау;
– өңделген аумақта жидектер мен саңырауқұлақтарды жинауға өңдеуден кейін 40 күн өткен соң рұқсат етіледі.
Еске салайық, Түркістан облысында 1 400-ге жуық адамды кене шаққан.