Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Алматы қаласы Жетісу ауданының прокуратурасы бірқатар автобус парктері тарапынан заңнама талаптарының өрескел бұзылғандығын анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Атап айтқанда, «D» санатындағы жүргізуші куәлігі жоқ, көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған, сондай-ақ медициналық қарсы көрсеткіштері бар адамдардың жолаушылар көлігін жүргізу фактілеріне жол берілген.
Анықталған фактілер бойынша 15 автобус паркіне қатысты әкімшілік іс қозғалып, кінәлі тұлғалар заңда көзделген жауаптылыққа тартылды.
Еңбек шарты бұзылған 34 жүргізуші, жолаушылар көлігін басқарудан шеттетілді. Тәртіптік және әкімшілік жауаптылыққа 4 лауазымды тұлға тартылды.
Наркологиялық және психиатриялық есепте тұрған адамдардың жүргізуші куәліктерін сот тәртібімен жарамсыз деп тану мәселесі пысықталуда.
Сонымен қатар жүргізушілерді бақылау тетіктерін күшейту жөнінде, оның ішінде цифрлық мониторинг жүйесін енгізу арқылы шаралар қабылдануда.
Анықталған бұзушылықтар жолаушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіргенін ескере отырып, прокуратура профилактикалық іс-шаралар жүргізуді және жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыруда.