Алматыда мал ұрлығы тыйылмай тұр

30.01.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Төрт түлікті бағып-қағып өсіру оңай емес. Сөйте тұра бір бұрышта ұрының да сұқ көзі қадалып тұрады. Алматы облысында мал жоғалып жатыр. 

Былтыр 69 бас жылқы мен қой-ешкі бөтеннің жетегінде кетті. Сөйтіп жыл он екі ай шығынданған тұрғындар бір сәтте 16 млн теңгесінен айырылды. Есіл еңбек еш кетті. Полиция қазір жер шолып, қылмыстың алдын алуға күш салып жатыр. 

Облыс орталығының іргесіндегі Шеңгелді ауылдық округінде мал шаруашылығымен айналысатын 58 қожалық бар. Соның бірі Дастан Үмбетовтың иелігінде. Оның 200 бастай ірі қарасы мен жылқысы бар. Өткен аптада екі жылқысы жоғалып, GPS-құрылғының көмегімен жоғалған малды тау бөктерінен тауып алды.

Дастан Үмбетов, шаруа қожалығының иесі:

- Қар жауып, боран болып, тауға кетіп қалған ғой жел болмайтын жерге. Оны енді ішкі істер саласына хабарласпай, бірінші өзіміз іздейік дедік. Жоғалған жағдайда бірінші ішкі істер саласына хабарлаймыз. Олар көмекке келеді. Түнгі уақытта да күніз де келіп, жағдайымызды сұрап тұрады. 

Мал ұрлығы негізінен шалғай ауылдарда үдей түскен. Ұрылар көбіне жайылымда жүрген төрт түлікті алдыға салып, айдап әкетеді. Тәртіп сақшылары қожалықтарды аралап, қожайындарына малды қараусыз қалдырмай, міндетті түрде ен салып, GPS-құрылғыларын тағу керектігін баса айтты.

Самат Асқарұлы, учаскелік инспектор:

- Кешкі сағат 21:00-ден таңғы сағат 06:00-ге дейін түнгі рейдтік іс-шараға шығамыз. Яғни сол шара аясында Шеңгелді округі бойынша мал ұрлығының алдын алу, яғни болдырмау мақсатында жұмыс атқарамыз. Әр мал шаруашылықтарын аралап, иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін оларға міндетті түрде мал басына таңба, сырға тағуын өзіміз қадағалаймыз.

Ұрылар әсіресе идентификациялық белгісі жоқ малға үйір келеді. Ал арнайы таңбаланған төрт түлікке көп тимейді. Себебі иесі оларды GPS арқылы әп-сәтте тауып алуы мүмкін. Абырой болғанда облыс аумағында мал ұрлығы бойынша тіркелген барлық қылмыстың ізі суымай ашылды. Оған дер кезінде қолға алынған профилактикалық іс-шаралар мен шаруалардың учаскелік инспекторлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі оң ықпал еткен. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью