Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Алматы әкімдігінің мәліметінше, субұрқақтар 1 қазанға дейін күн сайын сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Ауа райына байланысты олардың жұмысы реттеледі. Температура +5°C-тан төмендеген жағдайда субұрқақтар уақытша тоқтатылады.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, биыл коммуналдық меншіктегі 55 субұрқақ кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Барлық нысанның техникалық және санитарлық жағдайы тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында болады.
- Маусымға дайындық жұмыстары алдын ала жүргізілді. Мамандар субұрқақтардың тостағанын және айналасындағы аумақтарды тазалап, суды залалсыздандырды, жабдықтарды жөндеп, сырлап, инженерлік жүйелерге толық тексеріс жасады. Бұл олардың маусым бойы сенімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 5,6 млрд теңгеге жөнделіп жатқан 4 субұрқақ қашан іске қосылатынын жазғанбыз. Олар Алматы әкімдігі ғимаратының шығыс және батыс жағында, Республика алаңында, сондай-ақ Ғ.Мүсірепов театры жанында орналасқан.
Жаңартылған мәліметте Алматы әкімдігі аталған жобаларды аяқтау және іргелес аумақтарды көркейту 2026 жылы үшінші тоқсанға жоспарланғанын атап өтті.