Алматыда мектеп оқушылары арасында халықаралық шахмат турнирі басталады

07.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Бұл турнир Халықаралық шахмат федерациясы FIDE және Мектеп шахматының халықаралық федерациясы бастамасымен алғаш рет осындай форматта ұйымдастырылып отыр және жаһандық жарыстар циклін бастайды.

Жарысқа 19 елден 26 мектеп командасы қатысады. Олардың қатарында Австралия, Үндістан, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Пәкістан, Сингапур, Өзбекстан және басқа да елдер бар. Сондай-ақ Бангладеш, Қытайдың Гонконг арнайы әкімшілік ауданы, Непал, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Филиппин және Шри Ланка елдерінің командалары қатысады. Барлық қатысушылар- 8-14 жас аралығындағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Турнир форматы бойынша әр команда 4 негізгі ойыншыдан және 1 қосалқы ойыншыдан құралады. Жарысқа тек мектеп командалары қатысады. Шахмат академиялары, клубтар және бірнеше мектептен құралған құрамалар жіберілмейді.

Қазақстан атынан турнирге 3 команда қатысады. Ұлттық іріктеу 14-15 наурыз күндері Астана қаласында өтіп, оған еліміздің 23 үздік мектеп командасы қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер халықаралық кезеңге жолдама алды.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Турнир 8 турдан тұратын швейцар жүйесі бойынша өтеді. Күн сайын 2 тур ойналады. Әр партияға 45 минут беріледі және әр жүріске 10 секунд қосылады. Жеңіс үшін командаға 2 ұпай, тең ойын үшін 1 ұпай беріледі.

Аталған Азия кезеңі халықаралық жарыстар циклін бастайды. Оның қорытындысы бойынша үздік мектеп командалары финалда кездесіп, әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Жыл бойы іріктеу кезеңдері Африка, Америка және Еуропа құрлықтарында өтеді. Құрлықтық кезеңдердің жеңімпаздары желтоқсан айында гранд финалда кездеседі. Алматы осы халықаралық циклді ашатын алаң болады. 

Айта кетелік Қазақстандық шахматшылар жасөспірімдер арасындағы чемпионатта бес алтын медаль жеңіп алған еді

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью