7kun.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Алматы әкімдігі метроның «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейін созылатын жаңа желісін жобалауға тендер жариялады.
Бұл мақсатқа 2,9 млрд теңге қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, конкурсқа қатысуға өтінімдер 9 маусымға дейін қабылданады.
Жобалау-сметалық құжаттамаға сай, жаңа метро желісі Абай даңғылы бойымен Алатау даңғылына дейін, одан әрі Райымбек даңғылына қарай жалғасып, кейін «Барлық» базарына дейін жетеді. Жоба аясында үш жаңа станция салу жоспарланған. Олардың барлығы аралдық платформасы бар, бағаналы типтегі және терең емес жер асты бекеттері болады.
Сонымен қатар үшінші станция маңында Райымбек даңғылының астымен өтетін екі шығысы бар жерасты өткелі қарастырылған. Жобада жаяу жүргіншілер тоннельдеріне қоғамдық дәретханалар мен банкоматтар орнатуға арналған орындар көзделуі тиіс.
Техникалық талаптарға сәйкес, құрылыс материалдары өрт қауіпсіздігі мен санитарлық нормаларға сай болуы керек және мүмкіндігінше отандық өнімдерді пайдалану ұсынылады. Сондай-ақ әр станцияның кемінде бес ракурстан көрсетілген егжей-тегжейлі 3D-модельдері әзірленуі қажет.
Жобалау жұмыстары Алматының сейсмикалық ерекшеліктерін ескеретін арнайы нормативтік құжаттар негізінде жүргізіледі.
Еске салайық, биыл ақпан айында метро желісі Қалқаман станциясы бағытына дейін ұзартылған болатын. Ал мамыр айында қала әкімдігі аталған станция құрылысына қосымша 20,5 млрд теңге бөлген еді.