Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Алматыдағы «Almaty Arena» мұз сарайында XXV қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен қатысушыларына арналған салтанатты іс-шара өтті. Рәсімге спорт ардагерлері, Олимпиада чемпиондары, жаттықтырушылар, спорт қауымдастығының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды спортшыларға ел мерейін асқақтатқан жетістігі үшін алғыс білдіріп, олардың табысы мемлекет үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алған Михаил Шайдоровқа ерекше құрмет көрсетілді. Оның жеңісі Олимпиада ойындарының ең жарқын сәттерінің біріне айналып, Қазақстан үшін зор мақтаныш болды.
Сондай-ақ Евгений Кошкин, Ростислав Хохлов, Данил Васильев және трамплиннен секіру бойынша ел тарихындағы ең үздік нәтижені көрсеткен жас спортшы Илья Мизерныхтың жетістіктері атап өтілді.
Михаил Шайдоровқа пәтерге сертификат, автокөліктің кілті және ақшалай сертификат табысталды
Жаттықтырушылар да марапатталды: Айгүл Қуанышеваға — 5 млн теңге, Әсел Қасановаға — пәтер мен ақшалай сыйақы берілді. Сондай-ақ Олимпиада қатысушылары мен олардың жаттықтырушыларына 2-ден 5 млн теңгеге дейінгі сертификаттар тапсырылды.
Іс-шара қазақстандық өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.