Алматыда қаланы көгалдандыруға арналған жеке тәлімбақ салынады

30.04.2026

Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Қала әкімдігінің мәліметінше, мегаполисте құрылыс пен көріктендіру қарқынына байланысты жыл сайын көшетке деген сұраныс 1,4 миллионнан асады. Бұған ағаштар мен бұталар отырғызу, сондай-ақ жасыл желекті қалпына келтіру жұмыстары кіреді.

- Қазіргі таңда Алматыда арнайы тәлімбақтың болмауы сыртқы жеткізушілерге тәуелділікті күшейтіп, көшеттердің бағасы мен жерсіну сапасына әсер етіп отыр. Қала басшысы өзіндік тәлімбақ базасын қалыптастыру көгалдандыру саласын тұрақтандырып, қалалық ортаның сапасын арттырудағы маңызды стратегиялық қадам екенін атап өтті, - деп хабарлады әкімдіктен.

Жоба аясында қаланың оңтүстік бөлігінде бірнеше учаскеде тәлімбақ орналастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар аумақты кеңейту мүмкіндігі пысықталып жатыр. Бұл Алматыны климатқа бейімделген көшеттерді өсіріп, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ заманауи агротехнологияларды енгізу мәселесі де назарда. Атап айтқанда, жылына 1 миллионға дейін көшет өсіруге мүмкіндік беретін микроклондық көбейту зертханасын құру жоспарланды.

- Кеңес барысында жобаға шетелдік инвесторлардың қызығушылық танытып отырғаны да белгілі болды. Қазіргі таңда серіктестік тетіктері мен инвестиция тарту жолдары қарастырылып жатыр, - деп нақтылады әкімдіктен.

Еске салайық, былтыр Алматыда шамамен 370 мың бұта және 5 мыңнан астам ірі көлемді ағаш отырғызылды. 2026 жылғы жоспар бойынша мегаполисте 500 000 бұта мен 7 200 ірі ағаш егілуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью