Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар елді бейнеролик көру арқылы пайда табасың деп алдаған

07.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Тергеу амалдарына сай, 2025 жылы күдікті интернеттегі «www.nbcms.com» ресурсы және WhatsApp мессенджері арқылы азаматтарды тарта отырып, инвестициялық онлайн-жоба ретінде бүркемеленген қаржы пирамидасын ұйымдастырған.
Аталған мессенджер чаттарында («Дискуссионная группа NBC Charlotte», «NBCUniversal Media LLC» және басқа) 200-ден астам адам болған.
Қатысушыларға қысқа бейнероликтерді (фильм трейлерлерін) қарағаны үшін табыс табу сылтауымен инвестиция салу ұсынылған.
Жобаға қатысу үшін құны 11 000-нан 160 000 теңгеге дейінгі инвестициялық пакеттерді сатып алу талап етілген.
Бұл ретте тәулігіне 5–10%-ға дейін (айына 150%-дан астам) табыс уәде етілген, ал мұндай төлемдер тек жаңа салымшылардың қаражаты есебінен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар тартылған тұлғалардың салымынан 10%-ға дейін сыйақы төленетін рефералдық жүйе, сондай-ақ екінші және үшінші деңгейдегі қатысушылар үшін қосымша бонустар қарастырылған.
Заңды қызметтің көрінісін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырушылар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама таратқан, жалған құжаттарды жариялаған, жасанды табыс көрсеткіштерін көрсеткен, блогерлерді тартқан және тақырыптық чаттарды жүргізген.
Қаражаттарды қабылдау жеке тұлғалардың шоттарына жүргізіліп, кейін Р2Р операциялары арқылы криптовалютаға айырбасталып, анонимді әмияндарға жіберілген.
Сот санкциясымен 1 057 599 USDT (Tether) көлеміндегі криптовалютаға тыйым салынды, бұл шамамен 528,5 млн теңгені құрайды.
Күдіктіге қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға қаражат салмас бұрын жоба туралы ұсынылған ақпаратты мұқият зерделеуді, компанияның ресми тіркелуін, қызметінің құқықтық мәртебесін және қажетті рұқсат құжаттарының бар-жоғын тексеруді, сондай-ақ уәде етілген табыстың шынайылығын бағалауды ұсынады.

Осыған дейін 380 адам Sirius Energy қаржы пирамидасының құрбаны болғаны туралы жаздық.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью