Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Басқосуда ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бастапқы кезеңіндегі Қазақстан тарихына арналған бесінші томның қолжазбасы қаралды.
Редакциялық алқа мүшелерінің ұсыныстары негізінде жаңарған бесінші томның құрылымы мен мазмұнын авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик Зиябек Қабылдинов таныстырды.
Редакция алқасы бесінші томның қолжазбасын бекітіп, баспаға дайындау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ отырыста академиялық басылымның кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихына арналған алтыншы томының қолжазбасы қаралды.
Аталған томның тұжырымдамасын, құрылымы мен мазмұнын авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева таныстырды.
Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның, әлеументтану ғылымдарының докторы, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасованың, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саяси ғылымдарының кандидаты Андрей Чеботаревтің рецензиялары тыңдалды.
Редакция алқасының Дихан Қамзабекұлы, Еркін Әбіл, Галина Ксенжик, Радик Темірғалиев, Мәмбет Қойгелдиев, Ханкелді Әбжанов, Кенжехан Матыжанов, Оразақ Смағұлов, Берекет Кәрібаев, Жақсылық Сәбитов, Айболат Күшкімбаев, Нұрсан Әлімбай, Айдос Сарым, Сәбит Шілдебай, Берік Әбдіғалиұлы, Михаил Акулов секілді басқа да мүшелері өз ой-пікірін ортаға салды.
Редакция алқасы академиялық басылымның алтыншы томын қарауды келесі отырыста жалғастыру туралы шешім қабылдады.
Бұдан бұрын Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселелері жөнінде жиын өткізгенін жазған едік.