Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Алматының Медеу ауданында кезекті заңсыз нысан бұзылып жатыр. Толық мәліметті
қала құрылысын бақылау басқармасы хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Сот шешімімен Бегалин көшесі, 140 мекенжайындағы үйге жапсарлас салынған екі қабатты құрылысты бұзу басталды.
Басқарманың мәліметінше, нысан иесі сәулет-жоспарлау тапсырмасынсыз және техникалық жобасыз қолданыстағы тұрғын үйді қайта жаңартып, қосымша жапсарлас құрылыс пен үстеме жайлар салған.
Меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Алайда құжат талаптары орындалмаған соң, басқарма сотқа жүгінді.
Медеу аудандық соты ведомствоның талап арызын қанағаттандырып, тұрғын үйге салынған үстеме жай мен екі қабатты жапсарлас құрылысты бұзуға міндеттеді.
Қазіргі уақытта нысан иесі сот шешімін орындау мақсатында нысанды өз бетінше бөлшектеуге кірісті.
Сонымен қатар 17 шілдеде Алматы әкімі Алатау ауданындағы жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлі түрде иеліктен шығару туралы қаулыға қол қойды. Құжат қалалық жер қатынастары басқармасының сайтында жарияланды. Атап айтқанда, Алматыдағы Тілендиев көшесін Рысқұлов даңғылынан қала шекарасына дейін ұзарту жоспарланып отыр. Жұмыстарды 2026 жылдың маусымында бастау көзделген. Осы мақсатта қала әкімі 10 жер телімін алу туралы қаулыға қол қойды. Иеліктен шығару процесі 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу