Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған джиу-джитсудан балалар мен жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі халықаралық турнир өз жалауын көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Биыл алтыншы рет ұйымдастырылған жарыс тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар отансүйгіштік рух пен ұрпақ сабақтастығын дәріптейтін маңызды алаңға айналды.
Шара Қазақстан джиу-джитсу қауымдастығы, «Sagadat Batyr» спорт клубы, ҚР Қорғаныс министрлігі, «Жастар Рухы» бірлесе ұйымдастыруымен ұйымдастырылды.
Биылғы турнирдің ауқымы кеңейіп, жарысқа Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Грузия және Біріккен Араб Әмірліктерінен 300-ден астам спортшы қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында «Sagadat Batyr» спорт клубының президенті, Алматы облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов сөз сөйлеп, жарыстың тәрбиелік және рухани мәніне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл турнир жас спортшыларды тек жеңіске жетуге ғана емес, елге қызмет етуге тәрбиелейді.
Іс-шараның құрметті қонағы – батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова қатысушыларға ақ батасын беріп, әкесінің өмір жолынан тағылымды естеліктерімен бөлісті. Дәстүрге сай ұйымдастырушылар тарапынан оған қазақы құрмет көрсетіліп, шапан жабылды. Жарыстың мәртебесін арттырған ерекше қонақтардың бірі – Tactical Combat ұйымының негізін қалаушы, 5-ші дан иегері Джулиано Де Пинна болды. Ол қазақстандық жастардың джиу-джитсуға деген қызығушылығына жоғары баға беріп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
«Sagadat Batyr» спорт клубының негізін қалаушы, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Нұрсұлтан Орынбасаров турнирдің негізгі мақсатына тоқталып өтті:
«Біздің мақсатымыз – джиу-джитсуды тек спорт ретінде емес, әскери дайындықтың маңызды элементі ретінде дамыту. Біз жастарды ел қорғаны болуға дайындаймыз», – деді ол.
Сондай-ақ іс-шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев арнайы қатысып, мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Турнир соңында Алматы өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының қызметкерлері қоян-қолтық ұрыстан әсерлі көрсетілім ұсынып, жас спортшыларға жауынгерлік дайындықтың үлгісін көрсетті. Жарысқа сондай-ақ генерал-майор Нұртас Кабаков, әлем чемпиондары Сара Рахмонова және Әйгерім Әбілқадірова, сондай-ақ блогер Алпамыс Жарылқасын қатысып, жасөспірімдерге қолдау білдірді. «Sagadat Batyr» клубының 12 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген бұл халықаралық турнир спорт пен патриотизмді ұштастырған айтулы оқиға ретінде есте қалары сөзсіз екендігін атап өтті ұйымдастырушылар.