Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қала әкімдігінің мәліметінше, 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы, Alatau Creative Hub орталығы және Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана оқырмандарға тәулік бойы қызмет көрсетіп келеді. Ал биыл ақпан айынан бастап бұл қатарға Қазақстан жазушылары кітапханасы мен Розыбакиев көшесі, 247/7 мекенжайында орналасқан Алматы кітапханаларының филиалы қосылды. Соның нәтижесінде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар саны беске жетіп, ал 1 наурыздан бастап олардың жалпы саны жетіге дейін артады.
Гоголь көшесі, 109 мекенжайында орналасқан А. П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана 1931 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келеді және қаланың білім беру мен мәдени өмірінде айрықша орын алатын тарихи-мәдени нысан саналады. Ғимараттың жалпы аумағы — 1 572,6 шаршы метр, ал кітап қоры 100 мыңнан астам данаға жетеді.
Бельгер көшесі, 1Б мекенжайында орналасқан Алматы кітапханаларының филиалы 2026 жылы 9 қаңтарда ашылған. Филиалдың мазмұнды кітап қоры мен заманауи материалдық-техникалық базасы әртүрлі жас санатындағы және қызығушылықтағы оқырмандардың сұранысын толық қамтамасыз етеді. Ғимараттың жалпы аумағы — 614 шаршы метр, ал кітап қоры — 9 мың дана.
— Бұл екі кітапханада да жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған компьютерлер мен Wi-Fi желісі қолжетімді, Almaty-library кітапханалық-ақпараттық жүйесі жұмыс істейді, сондай-ақ RFID қақпалары мен өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары орнатылған. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған арнайы жабдықталған жұмыс орындары қарастырылған. Олар көру қабілеті төмен және зағип оқырмандарға арналған Брайль бағдарламалары мен дыбыстық интерфейстермен қамтамасыз етілген, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 2026 жылғы ақпан айынан бастап Әуезов ауданындағы Қазақстан жазушылары кітапханасы және Бостандық ауданындағы Алматы Кітапханаларының филиалы 24/7 режимінде қызмет көрсететінін жазғанбыз.