Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында қала троллейбустардан бас тартып, олардың орнына электробустарды кезең-кезеңімен енгізуі мүмкін екені туралы ақпарат тараған еді. Жазбаларда мұндай өзгеріс «қаланың көркін жақсарту және көшелердегі байланыс электр желілерінің санының азайту мақсатында жасалып жатыр» делінген.
Осыған байланысты редакция Алматының жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасына ресми сауал жолдады. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта троллейбустардан бас тарту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Керісінше, бұл көлік түрі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр: күн сайын қала көшелерінде 156 троллейбус жолаушыларды тасымалдайды.
Басқарма бұған қоса қосымша электробустар сатып алу мәселесі де әзірше қарастырылып жатпағанын нақтылады.
Айта кетейік, Алматыда қоғамдық көлікті экологияландыру бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Қалада дизельді автобустарды қоршаған ортаға зияны аз көлік түрлеріне – электробустар мен газбен жүретін көлікке кезең-кезеңімен ауыстыру басталып кеткен.
Еске салайық, 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала жұртшылығымен кездесуінде ескірген әрі экологиялық талаптарға сай келмейтін көлік түрлерінен біртіндеп бас тарту қажет екенін айтқан еді. Мемлекет басшысы қала көшелерінде дизельді автобустар жүрмеуге тиіс екенін, олардың орнына газбен және электр қуатымен жүретін қоғамдық көліктер қатынауы керегін айтқан еді.
Бұған дейін Алматыда 2025 жылдың соңына дейін қалалық қоғамдық көліктің экологияландыру деңгейін 100%-ға жеткізу жоспарланып отырғанын хабарлағанбыз. Осы мақсатта 600 газбен жүретін автобус пен 200 электробусты сатып алуға конкурстар жарияланған.