7kun.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
фото: Алматы қаласының әкімдігі
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы бюджетіне туризм саласынан 110,9 млрд теңге кіріс түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,2%-ға жоғары көрсеткіш.
Қалалық әкімдік мәліметінше, туризм экономиканың маңызды драйверіне айналып, негізгі қаржылық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетіп келеді.
Салаға тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай артқан. 2025 жылы бұл көрсеткіш 198,8 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 39,4%-ға көбейген. Қаржының басым бөлігі көлік инфрақұрылымына, ойын-сауық индустриясына, қонақүй бизнесі мен қоғамдық тамақтану қызметтеріне бағытталған.
Сонымен қатар туризмнен түскен салық түсімдері 27,2%-ға өсіп, 84 млрд теңгені құрады. Негізгі үлесті тамақтану орындары, демалыс және ойын-сауық нысандары, сондай-ақ уақытша орналастыру қызметтері қамтамасыз еткен.
Мамандардың бағалауынша, бұл көрсеткіштер Алматыда туризм саласының қарқынды дамып келе жатқанын және оның қала экономикасындағы үлесінің артып отырғанын көрсетеді.