Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Алматы қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының жүлдесі үшін әскери музыканттар арасында II конкурс өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Үрмелі және соқпалы аспаптарда орындаушылардың басын қосқан байқауға еліміздің барлық өңіріндегі құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери оркестр әртістері қатысты.
Байқаудың ақтық кезеңі Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінің базасында ұйымдастырылды. Қатысушылар кәсіби шеберліктерін, музыкалық аспаптарда ойнау техникасын және орындаушылық қабілеттерін ортаға салды. Конкурс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде үміткерлер өз өнерлерін бейнежазба арқылы онлайн форматта ұсынса, үздік орындаушылар ақтық сында жүзбе-жүз бақ сынады.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде 5571 әскери бөлімінің ефрейторы Ержан Назаровқа бұйырды. Ол сахнада саксофон аспабында өнер көрсетті. Ал осы әскери бөлімнің қызметшісі Зоя Бердник валторнада орындаған музыкалық шығармасы үшін бірінші орынды иеленді.
Екінші орын 6505 әскери бөлімінің кіші сержанты Кристина Дементьеваға берілді. Ол да валторна аспабында өнер көрсетті. Үшінші орынды тромбонда ойнау шеберлігімен көзге түскен 6505 әскери бөлімінің ефрейторы Әділ Ибраев иеленді.
Сондай-ақ байқау дипломдарымен 5510 әскери бөлімінің ефрейторы Регина Мокрова мен елордалық 5573 әскери бөлімінің ефрейторы Дәурен Мұхамадиев марапатталды. Біріншісі флейтада өнер көрсетсе, екіншісі туба аспабында музыкалық шығарма орындады.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталды. Бас жүлде иегері 500 мың теңге, бірінші орын алған қатысушы 300 мың теңге, екінші орын иегері 200 мың теңге, ал үшінші орын иегері 100 мың теңге көлемінде сыйақы алды. Дипломанттарға 50 мың теңгеден берілді.
Байқау лауреаттарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Өнерпаздардың орындауындағы шығармалар әскери үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен шырқалды. Концерт жеңімпаздарға өз өнерін көпшілікке паш етіп, ансамбльдік орындаушылықтың мүмкіндігін көрсетуге жол ашты.