Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
"Астана! Жігіттер, қайдасыңдар?", "Отбасын құруға болатын қыздар қайда жүреді?" - мұндай сұрақтар танысу қосымшаларында ғана емес, әлеуметтік желілерде де жиі байқалады. Көптеген қазақстандық махаббат іздеп, отбасын құрғысы келетінін, бірақ лайықты жанды таба алмай жүргенін айтады. Бұлай болуына не себеп және басы бос бойдақтарды қайдан іздеу керек деген сауалдарға Tengrinews.kz тілшісі сарапшылар көмегімен және ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйене отырып жауап іздеп көрді.
Жұрттың бәрі қайда?
Жақында елордалық қыз Threads әлеуметтік желісінде таныстық мақсатында құрбыларымен жиі шығатынын, бірақ барған жерінің бәрінде тек қыздарды көретінін жазды. Оның айтуынша, ер адамдар "саусақпен санарлық". Алматылық тағы бір қолданушы "еркектер неге шынайы өмірде танысуды қойған?" деп сұраған. "Дәмханада да, мейрамханада да, көшеде де ешкім жақындамайды. Бәрі телефонға телміріп тұрады". Бұл жағдай "Қайда?" әніндегі "Алматыда жоқ-жоқ, Астанада жоқ-жоқ" деп еліміздің түкпір-түкпірінен сүйіктісін іздеген кейіпкердің күйін еске түсіреді.
Пікір қалдырған ер адамдар жауапсыз қалудан қорқатынын, мазаны алғандай көрінгісі келмейтінін немесе қазіргі уақытта қызға көшеде жақындап танысу қаншалықты орынды екенін түсінбейтінін айтқан. Сонымен қатар, олар да "жасым 30-ға таяды, үйлену мақсатында қарым-қатынас құрғым келеді, отбасын құруға болатын қызды қайдан жолықтыруға болады, басы бос қыздар қай жерлерде қыдырады?" деген мазмұндағы хабарландыру-посттарын жазып жатады.
Әлеуметтік желілер біртіндеп танысу алаңына айналып барады. Бұл Tinder немесе неке агенттігі емес, "құндылықтары ұқсас" жанды көпшілік алдында іздеу. Осы ретте нақты сұрақ туындайды: егер Қазақстанда миллиондаған адам некеде тұрмаған болса, олардың көбі қай өңірлерде шоғырланған? Шартты түрде алғанда, "күйеу жігіттер" мен "қалыңдықтар" қайда көп?
Tengrinews.kz Қазақстанның қай өңірлерінде бойдақ ерлер мен тұрмыс құрмаған қыздар көп екенін, сондай-ақ жұп табу неге қиындап кеткенін түсіну үшін Ұлттық статистика бюросының мәліметтерін, Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеулерін, Әділет министрлігінің статистикасын, сонымен қатар сарапшылардың пікірлері мен әлеуметтік желілердегі талқылауларды зерделеді.
Бойдақ еркектер қай өңірлерде көпРесми көрсеткішке, яғни Ұлттық статистика бюросының ешқашан некеде тұрмаған адамдар туралы мәліметіне жүгінейік. Халық санағы материалдарында неке жағдайы 15 жастан асқан тұрғындар үшін есепке алынады. Бұл неке жасы емес, статистикалық әдіснама. Қазақстанда неке жасы 18 жастан басталады, ал ерекше жағдайларда ол екі жылдан аспайтын мерзімге, яғни 16 жасқа дейін төмендетілуі мүмкін.
Сондықтан "ешқашан некеде тұрмағандар" көрсеткішін жалғызбасты немесе жұп іздеп жүрген адамдардың санымен тікелей теңестіруге болмайды. Бұл санатқа жасөспірімдер де, студенттер де, бұрын үйленбеген ересек қазақстандықтар да кіреді.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, соңғы халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстанда 15 жас және одан жоғары жастағы ешқашан некеде тұрмаған 1 959 771 ер адам бар. Осындай әйелдердің саны 1 826 062 болып шықты.
Өңірлер бойынша қарасақ, ешқашан некеде тұрмаған ер адамдар ең көп шоғырланған аймақ - Түркістан облысы (254 114 адам).
Келесі кезекте:
Алматы облысы - 223 337 ер адам; Алматы қаласы - 188 962; Қарағанды облысы - 144 119; Жамбыл облысы - 133 765; Шығыс Қазақстан облысы - 128 667; Шымкент қаласы - 119 979; Астана қаласы (санақ деректерінде Нұр-Сұлтан) - 119 457.Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, бұл көрсеткіш бойынша ең көп әлеуетті "күйеу жігіттер" оңтүстік өңірлерде, Алматыда және Алматы, Қарағанды, Жамбыл облыстарында тұрады.
Бірақ бір ескерту: бұл 2021 жылғы санақ мәліметтері, сондықтан олар сол кездегі әкімшілік бөліністі (Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары бөлінгенге дейінгі жағдайды) көрсетеді.
Тұрмыс құрмаған әйелдер ең көп тұратын өңірлерӘйелдерге қатысты жағдай сәл өзгеше. Соңғы халық санағының қорытындысы бойынша, ешқашан тұрмыс құрмаған әйелдердің ең көп саны Алматыда тіркелген - 229 697 адам.
Келесі кезекте:
Түркістан облысы - 227 341 әйел; Алматы облысы - 194 807; Астана (санақ деректерінде Нұр-Сұлтан) - 144 306; Қарағанды облысы - 136 660; Шымкент қаласы - 131 386; Жамбыл облысы - 113 853; Шығыс Қазақстан облысы - 109 568.Демек, ресми неке мәртебесі бойынша әлеуетті "қалыңдықтар" ең көп шоғырланған өңірлердің көш басында - Алматы қаласы тұр. Одан кейін Түркістан, Алматы облыстары, Астана қаласы және Қарағанды облысы орналасқан.
Алматы ешқашан некеге тұрмаған әйелдер саны бойынша көш бастап тұр, сонымен қатар ол ішкі миграцияның, білімнің, мансаптың, креативті индустриялар мен қалалық дербестіктің басты орталықтарының бірі болып қала береді. Басқаша айтқанда, бұл тек "ұзатылатын қыздар қаласы" ғана емес, сонымен қатар некеге тұруды кейінге қалдырып, өз өмірін ұзағырақ қалыптастыратын адамдардың қаласы.
Ресми ажырасқандарды қосамызЕнді кеңірек қарап көрейік. Ешқашан некеде тұрмағандардың қатарына ресми ажырасқандарды қосуға болады. Бұл енді жай ғана "қалыңдықтар мен күйеу жігіттердің" таза статистикасы емес, керісінше, ресми түрде некеде жоқ адамдардың шартты тобы.
Ұлттық статистика бюросының соңғы халық санағы мәліметтері негізінде, егер ешқашан некеде тұрмаған ерлер мен ресми ажырасқан ерлерді қосатын болсақ, көшбасшылар мынадай болмақ:
Түркістан облысы - шамамен 265,6 мың ер адам; Алматы облысы - шамамен 250,1 мың; Алматы қаласы - шамамен 218,2 мың; Қарағанды облысы - шамамен 179,2 мың; Шығыс Қазақстан облысы - шамамен 161,3 мың.Әйелдер бойынша, егер ешқашан некеде тұрмағандар мен ресми ажырасқандарды қоссақ, көрініс мынадай:
Алматы қаласы - шамамен 290,4 мың әйел; Түркістан облысы - шамамен 253,6 мың; Алматы облысы - шамамен 242,6 мың; Қарағанды облысы - шамамен 190,9 мың; Астана қаласы - шамамен 171,9 мың.Егер "ешқашан некеде тұрмағандар" санатында Алматы мен Түркістан облысы қатар тұрса, онда ажырасқан әйелдерді қосқанда, оңтүстік астана абсолют көрсеткіш көрсетеді.
Бірақ бір нәрсені түсіну маңызды: бұл ол жақта танысу оңай дегенді білдірмейді. Ірі қалаларда адам көп, бірақ олардың арасындағы әлеуметтік, эмоционалдық және кәсіби алшақтық та жоғары. Таңдау көп болғанымен, сол таңдаудан шаршау сезімі де басым.
25 жастан кейін бойдақ ерлер айтарлықтай көпСтатистиканың жас бойынша бөлінісі тағы бір қызықты сәйкессіздікті көрсетеді. Ешқашан некеде тұрмағандардың арасында жас ерлердің саны әйелдерге қарағанда әлдеқайда көп.
20–24 жас аралығында 370 880 ер адам және 212 368 әйел ешқашан некеде тұрмаған. 25–29 жас тобында - 227 424 ер адам және 80 344 әйел. 30–34 жас тобында - 116 101 ер адам және 58 782 әйел.
Яғни, қоғам тарапынан "той қашан?" деген сұрақ жиі қойыла бастайтын жаста, неке тәжірибесі жоқ ерлердің саны статистикалық тұрғыдан көбірек.
35 жастан кейін бұл алшақтық қысқарады. 35–39 жас тобында ешқашан некеде тұрмаған ерлер саны 73 866 болса, әйелдер - 72 360 болды. Ал әрі қарай кейбір жас кезеңдерінде жалғызбасты әйелдердің саны арта бастайды, бұл демографияға, өмір сүру ұзақтығына, ажырасуларға, жесір қалуға және басқа да жағдайларға байланысты.
Неке туралы әңгімені тек "қыздар тұрмысқа шыға алмай жүр" немесе "ерлер үйленгісі келмейді" деген сөзге тіреп қоюға болмайды. Әртүрлі жаста және аймақтарда жағдай әртүрлі. 25–34 жаста ел бойынша неке тәжірибесі жоқ бойдақ ерлер айтарлықтай көп.
Қазақстандықтар некеден бас тартқан жоқ, олар оған кешірек келедіҚазақстандықтар некеден бас тартқан қоғам болып көрінбейді. Керісінше, ресми тіркеу әлі де норма болып қалып отыр.
Қазақстандық қоғамдық даму институты мәліметінше, респонденттердің 42 пайызы некені ресми тіркемей бірге тұруды қабылданбайтын жайт деп санайды. Тіркеусіз бірге тұруды жөн көретін жұптардың үлесі небәрі 3,2 пайызды құрады. Мұндай формат көбінесе 30-дан 45-ке дейінгі және 46-дан 60 жасқа дейінгі топтарда кездеседі.
Яғни, бір жағынан, неке жасы, танысу тәсілдері және серіктеске қойылатын талаптар өзгеріп жатыр. Екінші жағынан - ресми неке қоғамның басым бөлігі үшін әлі де маңызды.
Бюро мәліметтері бойынша, 2025 жылы ел бойынша ерлер орта есеппен 27,9 жасында, әйелдер 25,3 жасында алғаш рет некеге тұрған.
Қалаларда бұл жас көрсеткіші жоғары: ерлерде 28,1 жас, әйелдерде 25,8 жас. Ауылды жерлерде төменірек: ерлерде 27,5 жас, әйелдерде 24,3 жас.
Мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров мұны отбасы институтының дағдарысымен емес, дәстүрлі қоғамнан жеке таңдау қоғамына көшумен түсіндіреді. Оның айтуынша, бұрын неке есеюдің міндетті кезеңі, ұжымдық өмір сценарийінің бөлігі болатын. Бүгінде жастар алдымен білім, кәсіби және психологиялық тұрғыдан өз бетінше аяққа нық тұруға тырысады.
- Егер бұрын неке дербес өмірге жол ашса, бүгінде дербес өмір көбінесе некеден бұрын болады, - деп есептейді Қалназаров.
Бұл үрдіс қалаларда анық байқалады: адам алдымен білім алады, жұмыс істейді, баспана жалдайды, мансап жолын қалыптастырып, ортасын табады. Тек содан кейін некеге өмірбаянның міндетті тармағы ретінде емес, салмақты шешім ретінде қарай бастайды.
Махаббат - әлі де басты себепСонымен қатар қазақстандықтар неке туралы әлі де романтикалық тұрғыда айтады. Қазақстандық қоғамдық даму институтының деректеріне сүйенсек, шаңырақ көтерудің басты себебі - махаббат. Бұл нұсқаны ерлердің 58,3 пайызы және әйелдердің 61,3 пайызы көрсеткен.
Екінші орында - көзқарастар мен мүдделердің ортақтығын атап өткен: ерлердің 17,2 пайызы және әйелдердің 16,9 пайызы. Үшінші орында - балалы болу: ерлердің 11,1 пайызы және әйелдердің 10,4 пайызы.
Басқаша айтқанда, адамдар әлі де сүйіп қосылғысы келеді. Бірақ бүгінде тек махаббат жеткіліксіз. Ол баспана, табыс, несие, мансаптық жоспарлар, бала тәрбиесі, тұрмыстық тауқымет, туыстармен арадағы шекара және психологиялық кемелдік сияқты сын-қатерлерге төтеп беруі тиіс.
Қазақстандық қоғамдық даму институты мәліметінше, отбасын құру кезінде экономикалық факторларды маңызды немесе өте маңызды деп ерлердің 65,2 пайызы және мен әйелдердің 68 пайызы атаған.
Қаржы мәселелері отбасылардағы қақтығыстардың ең көп тараған себебі болып отыр - мұны сауалнамаға қатысқандардың 45,8 пайызы атаған.
Неке романтикалық арман болып қалғанымен, біртіндеп ұтымды жобаға айналып келеді.
Қазақстандықтар қайда танысады?Қазақстандық қоғамдық даму институты мәліметінше, олардың зерттеулерінде қазақстандықтардың болашақ серіктерімен қалай танысатыны (достар, туыстар, оқу, жұмыс, әлеуметтік желілер, қосымшалар немесе іс-шаралар арқылы) туралы тікелей деректер жоқ.
Сондықтан бұл сұраққа ресми статистика әзірге жауап бермейді. Дегенмен Threads, Instagram және басқа да әлеуметтік желілердегі талқылаулар "жанды" таныстықтың біртіндеп цифрлық ортаға ойысып жатқанын болжауға мүмкіндік береді.
Бұрын іздеу бағыты түсініктірек болатын: аула, университет, жұмыс, достардың достары, туыстар, тойлар. Таныстықтың әлеуметтік шеңбері бар еді.
Кім болса да: "Мен оны танимын", "Ол жақсы жердің қызы", "Біз бірге оқыдық", "Ол танысымның таныстары" деп айта алатын еді.
Бүгінде адам сториске реакция білдіру, Threads-тегі пікір, Telegram-чат, кәсіби іс-шара, танысу қосымшасы, фитнес-клуб, кітап клубы немесе кофехана арқылы танысуы әбден мүмкін. Бірақ еркіндікпен бірге бұрынғы сенімнің бір бөлігі де жоғалды.
"Таныстықтың дәстүрлі тетіктері қауымдастықтың сеніміне негізделген еді, ал цифрлық дәуір қарым-қатынас шеңберін кеңейткенімен, бұрын отбасын құру кезінде болатын жауапкершілік пен сенім тетіктерін әлсіретті", - дейді мәдениеттанушы Қалназаров.
Әлеуметтанушы Әсем Құсманова тағы бір маңызды қырды қосты:
"Бүгінде әр адамның қалтасында "өз әлемі" бар. Бірі дорама, екіншісі аниме, үшіншісі Болливуд туындыларын көреді, төртіншісі подкаст тыңдайды. Қоғам әртүрлі бола бастады, соның салдарынан мәдени коды, құндылықтары мен өмірлік бағдары ұқсас адамды табу қиындап кетті", - деп есептейді сарапшы.
Осылайша парадокс туындайды: танысуға мүмкіндік көп, бірақ "өз" адамыңның аздығын сезіну бұрынғыдан бетер күшейді.
Жеңгетайдың орнына - ThreadsБұл тұрғыда Threads әлеуметтік желісінің алгоритмі ерекше қызығушылық тудырады. Егер Instagram ұзақ уақыт бойы әдемі өмірдің витринасы болып келсе, Threads ашық, кейде ыңғайсыз, бірақ шынайы мойындаулар алаңына айналды.
Адамдар: "Қай жерде танысасыздар?", "Неге ерлер сөзге тартпайды?", "Бойдақ жігіттер қайда қыдырады?", "Болашағы бар, некеге ұласатын қарым-қатынас іздеймін" деп жазып жатады. Бұл толыққанды танысу қосымшасы емес, бірақ жай ғана әлеуметтік желі де емес. Бұл көбіне жария күнделік пен қалалық танысу алаңының қосындысы сияқты.
Мұндай жазбалардан бірнеше нәрсені байқауға болады.
Біріншіден, салмақты қарым-қатынасқа деген сұраныс ешқайда кеткен жоқ. Ерлер мен әйелдер неке, отбасы, балалар және сенімді серіктес туралы ашық жазады. Екіншіден, адамдар белгісіздіктен шаршаған. Қыздар жігіттердің неге өмірде жақындап таныспайтынын түсінбейді. Ерлер болса, беті қайтып қалудан қорқатынын және мазаны алғандай көрінгісі келмейтінін айтады. Үшіншіден, таныстық барған сайын сыртқы келбеттен емес, мәтіннен басталады. Адам алдымен ойлау стилін, әзіл сезімін, құндылықтарын, жалғыздығын, мазасыздығын немесе арманын көрсетеді - содан кейін ғана әлеуетті серіктес ретінде қабылданады.Бұл тұрғыда Threads баяғы "таныстар арқылы танысудың" заманауи баламасы болуы мүмкін. Енді "орта" - туыстар мен көршілер емес, алгоритмдер, пікірлер мен ортақ тақырыптар.
Танысу қосымшалары бұдан былай жұмыс істемей ме?Кезінде танысу қосымшалары жалғыздық мәселесін шешуге уәде берген еді: адам көп, нұсқа көп, мүмкіндік көп. Бірақ уақыт өте келе көбінде кері әсер - таңдаудан шаршау пайда болды.
Әлеуметтанушы Әсем Құсманова мұны таңдау иллюзиясымен түсіндіреді:
"Цифрлық платформалар әлеуетті серіктестер өте көп деген түсінік қалыптастырады. Алайда таңдаудың шамадан тыс көптігі шешім қабылдауды қиындатады: адам жақсырақ нұсқаны іздеп, таңдау жасауды кейінге қалдыра береді", - дейді әлеуметтанушы.
Мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров байланыс санының көптігі қарым-қатынас сапасына кепіл болмайды деп есептейді. Технологиялар танысуды жеңілдеткенімен, адамдардың өзара үйлесімділік мәселесін шеше алмады.
Сондықтан да адам ондаған адаммен хат жазыса тұра, шынайы жақындықты сезінбеуі мүмкін. Ол свайп жасап, стористерге жауап беріп, жазбаларға пікір қалдыруы мүмкін - бірақ бәрібір жалғыз қала береді.
Неге ерлер мен әйелдер бір-бірін іздесе де, кездесе алмай жүр?Ерлер мен әйелдер жиі бір қалада тұрады, бірдей әлеуметтік желілерде отырады, қарым-қатынасқа деген талап-тілектері де ұқсас, бірақ бір-біріне жете алмайды.
Әйелдер: "Ерлер танысуға келмейді" десе, ерлер: "Біз бас тартудан қорқамыз" деп жауап береді. Бірі жеңілтек көрінгісі келмейді, екіншісі мазасыз көрінуден қашады. Бірі бастама күтсе, енді бірі сөйлесуге әрекет жасамай тұрып-ақ қарсы тараптың шаршаған жүзін бас тарту ретінде қабылдайды.
Нәтижесінде екі тарап та телефонға үңіледі. Содан кейін танысудың неге соншалықты қиындап кеткеніне сол жерден жауап іздей бастайды. Бұған күтулер мен үміттердің әртүрлілігі қосылады.
Қазақстандық қоғамдық даму институты мәліметінше, ерлер мен әйелдер серіктес таңдауда сенімділікті, өзара түсіністікті, жауапкершілікті, отбасына деген құрметті және бірге өмір сүруге дайындықты жоғары бағалайды. Бірақ басымдықтар әртүрлі: ерлер серіктестің отбасылық және тәрбиелік функцияларына қатысты мінез-құлқы мен рөлдік сипаттамаларын жиі алға тартса, әйелдер психологиялық кемелдікке, эмоционалды қолдауға және құрметке көбірек мән береді.
Яғни, адам енді жай ғана "әйел" немесе "күйеу" емес, серіктес, дос, одақтас және эмоционалды тірек іздейді. Ал мұндай ізденіс әлдеқайда ұзақ әрі күрделі.
Әйелдер сақтанатын болды, ерлер - қысым астындаӘсем Құсманова әйелдердің кеш тұрмыс құруын тек мансаппен емес, ана болумен байланысты тәуекелдермен де түсіндіреді. Ол "ана болу айыбы" және "әке болу сыйлықақысы" деп аталатын екі құбылыс туралы айтады.
"Бала туғаннан кейін әйелдердің мансаптық өсуі жиі баяулайды, ал ерлерді, керісінше, жұмыс берушілер неғұрлым жауапты қызметкер ретінде қабылдауы мүмкін.
Сондықтан әйел үшін білім, жұмыс тәжірибесі және қаржылық тәуелсіздік жай ғана амбиция емес, ажырасу немесе басқа да өмірлік қиындықтар туындаған жағдайдағы қорғанысқа айналды", - деп түсіндірді әлеуметтанушы.
Бірақ ерлер де қысым астында қалып отыр.
Қалназаровтың айтуынша, қоғамымызда ер адамның рөлі туралы дәстүрлі түсініктер оларды жүзеге асырудың экономикалық мүмкіндіктеріне қарағанда көбірек дамыған.
"Ер адамнан бұрынғысынша материалдық жауапкершілік, тұрақтылық, баспана, отбасын асырау қабілеті күтіледі. Осы үміттерді ақтай алатынына көзі жетпейінше, әркім некеге тұруға дайын бола бермейді", - деді мәдениеттанушы.
Осылайша, екі тарап та сақтана бастады. Әйелдер болашағына қауіп төндіргісі келмейді және қарым-қатынас сапасына қойылатын талаптарды төмендеткісі жоқ. Ерлер қаржылық және әлеуметтік дайындықсыз некеге тұруды қаламайды.
Ажырасу - абсолютті тыйым емес, бірақ норма да емесТағы бір фактор - ажырасуға деген көзқарастың өзгеруі. Қазақстан әлі де ажырасуға сақтықпен қарайтын қоғам болып қала береді. Қазақстандық қоғамдық даму институты мәліметінше, сауалнамаға қатысқандардың 56,2 пайызы ажырасуға теріс қарайды. 35,7 пайыз үшін ажырасу жеке басы үшін мүлдем қабылданбайтын жағдай. Ажырасуға бейтарап қарайтындар - 35,1 пайыз, оң көзқарастағылар - 6,5 пайыз.
Дегенмен, көпшілігі ажырасуға негіз болады деп санайтын себептер де бар. Бірінші орында - отбасындағы зорлық-зомбылық, оны сауалнамаға қатысқандардың 51,1 пайызы көрсеткен. Одан кейін опасыздық (көзге шөп салу) - 46,5 пайыз, ерлі-зайыптының бірінің маскүнемдікке немесе нашақорлыққа салынуы - 46,2 пайыз.
Яғни, қазақстандықтар үшін отбасы құндылық болып қала береді, бірақ "неке үшін бәріне төзу" идеясы біртіндеп әлсіреп келеді. Әсіресе, адамдардың экономикалық тәуелсіздікке, әлеуметтік байланыстарға және балама өмір сүру үлгілеріне мүмкіндігі көбірек қалаларда бұл үрдіс айқын байқалады.
Сонымен, қалыңдықтар мен күйеу жігіттерді қайдан іздеу керек?Қорытындылайық.
Егер Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, бұрын ешқашан некеде тұрмаған ерлердің ең көп саны Түркістан облысында, Алматы облысында, Алматы қаласында, Қарағанды және Жамбыл облыстарында шоғырланған. Бұрын ешқашан некеде тұрмаған әйелдердің ең көп саны - Алматы қаласында, Түркістан облысында, Алматы облысында, Астана қаласында және Қарағанды облысында.Егер барлық бойдақтарды, соның ішінде ешқашан некеде тұрмағандарды және ресми түрде ажырасқандарды есепке алсақ, онда:
басы бос ерлердің ең үлкен шоғыры Түркістан облысына, Алматы облысына және Алматы қаласына тиесілі; басы бос әйелдердің ең үлкен шоғыры - Алматы қаласына, Түркістан облысына және Алматы облысына тиесілі.Бірақ біз бүгінде тек адам көп тұратын жерден емес, сәйкестіктер көбірек болатын жерден іздеу керек екенін де анықтадық.
Үлкен қалаларда әлеуетті серіктер көп, бірақ алшақтық та басым. Әлеуметтік желілерде мүмкіндік көп, бірақ кепілдендірілген сенім аз. Танысу қосымшаларында әлеуетті серіктерді таңдау ауқымы кең, алайда уақыт өте келе көптеген қолданушы шексіз анкеталардан, хат алмасудан және үнемі таңдау жасау қажеттілігінен жалыға бастайды.Дегенмен біз жасай алатын негізгі тұжырымдар:
"қазақстандықтар үйленуді қойған жоқ"; "ерлер жоғалып кеткен жоқ"; "әйелдер тым талапшыл болып кеткен жоқ".Керісінше, неке - кешірек, қымбатырақ, саналырақ және эмоционалды тұрғыдан күрделірек шешімге айналды. Бұл тек қиындықтар тудырып қана қоймай, құрылған одақтардың сәтті әрі берік болатынына үміт сыйлайды.
Авторы: Рабиға Дүйсенғұлова
Аударған: Дина Шәріпхан
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
40-тан кейін отау құру. Неге Қазақстанда кеш некеге тұратындар саны артып келеді?