Алматыдағы бұрынғы теміржол ауруханасын қайта жаңғырту неге созылып кетті

15.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Алматы тұрғындарына Абылай хан даңғылы мен Масаншы көшесінің қиылысында орналасқан бұл ғимарат жақсы таныс. Алайда кейінгі жылдары ол қараусыз қалып, қаңырап бос тұрды. Уақыт өте келе тозығы жетіп, үйсіз адамдардың панасына айналды. Бүгінде оның терезелері сынған, қабырғалары жарылып, түрлі жазумен бүлінген. Аумағы қоршаумен қоршалғанымен, нысанның сыртқы көрінісі әлі де көңіл көншітпейді.

Бастапқы жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2022 жылдың қарашасында аяқталуы керек еді. Алайда жоба мерзімі бірнеше рет шегерілді: әуелі 2024 жылдың қазанына, кейін 2025 жылдың мамырына, ақыр соңында 2026 жылға ауыстырылды. Осылайша, көптен күткен жаңғырту жұмыстары әлі де нақты басталу кезеңіне жете қойған жоқ.

Редакция жөндеу жұмыстары қашан басталатынын нақтылау үшін әкімдікке тағы да ресми сауал жолдады.

Қалалық құрылыс басқармасының мәліметінше, 2021 жылдың тамыз айында «Жетісу Сәулет Құрылысы» ЖШС-мен қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жөнінде келісімшарт жасалған. Жобалау барысында барлық қажетті бастапқы-рұқсат құжаты алынып, ғимаратқа техникалық сараптама жүргізілген. Сонымен қатар Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, бөлмелердің функционалдық жоспары мен технологиялық жабдықтарды орналастыруды қамтитын медициналық-техникалық тапсырма әзірленген.

Ғимарат жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұра нысанына жататындықтан, оның тарихи келбетін сақтау мақсатында «Қазқайтажаңарту» АҚ тарапынан ғылыми-жобалық құжаттама алынған.

Жоба аясында балаларға арналған бассейн, емдік ванна залы, стационарлық бөлімшелер, тұз шахтасы, оқу кабинеттері, әкімшілік бөлмелер және басқа да қажетті инфрақұрылым қарастырылған.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы 3 наурызда дайындалған жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін «Мемсараптама» РМК-на жолданған. Алайда 2025 жылғы 10 маусымда ұйым тарапынан теріс қорытынды берілген. Себебі «Жетісу Сәулет Құрылысы» ЖШС-нің тарихи-мәдени мұра нысандарын жобалауға лицензиясы болмаған. Осыған байланысты 2025 жылғы 25 қыркүйекте «Engineering Center» ЖШС-мен жобаны аяқтау жөнінде меморандум жасалған.

Қазіргі уақытта нысанға қайта техникалық тексеру жүргізіліп, мемлекеттік сараптаманың ескертулерін ескере отырып жобаға түзетулер енгізілген. 2026 жылғы 26 қаңтарда жаңартылған құжаттама «Мемсараптама» порталына қайта жүктелді. Сараптама қорытындысын 2026 жылдың сәуір айында алу жоспарланып отыр.

Алайда құрылыс жұмыстары нақты қашан басталып, қашан аяқталатыны әзірше белгісіз. Басқарма жауабына қарағанда, нақты мерзім мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін ғана белгілі болады.

Түрксіб теміржол ауруханасының бұрынғы ғимараты 1950 жылы сәулетші Михаил Кудрявцевтің жобасымен салынған. Бұл – қалада сақталған «ұлттық стильдегі» сирек нысандардың бірі. Онда классикалық сәулет элементтері мен өңірлік дәстүрлер үйлесім тапқан.

2021 жылы ғимараттың қала балансына өтіп, оны қайта жаңғырту жоспары жарияланған еді.

Бастапқыда құрылыс жұмыстарын 2022 жылдың қарашасында аяқтау жоспарланғанымен, жоба мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді.

Былтыр нысанды қайта жаңғыртуға 5,3 млрд теңге бөлінетіні белгілі болды.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью