Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Алматыдағы Төле би көшесінде орналасқан дәмханалардың біріне келушілер үрейлі оқиғаны баяндады: түн ортасында мекемеге бір бала жүгіріп кірген. Олардың айтуынша, баланың үстінде киімі болмаған. Дәмханадағылар бірден полиция шақыртып, баланы жылытпақ болған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Ол Алматыға қалай келген?"
Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде қаладағы дәмханалардың бірінде түнде болған оқиға туралы жазды. Оның айтуынша, түнгі сағат үш шамасында құрбысымен бірге кафеде отырғанда, ішке күтпеген жерден кішкентай бала жүгіріп кірген.
"Аутизм спектрі бұзылған, үстінде киімі жоқ бала", - делінген жазбада.
Оның сөзінше, баланың келуі дәмханадағы барлық келуші мен қызметкерлер үшін күтпеген жағдай болған.
"Келушілер, күзетшілер, бармендер мен әкімші - бәрі де аң-таң болып қалды. Біз бірден оның үстін жауып, жылытуға және не болғанын түсінуге тырыстық. (...) 102-ге қоңырау шалдық. Кейін баланы Талғарда іздеп жатқаны анықталды. Мені әлі күнге дейін мазалайтын сұрақ: ол Талғардан Төле би көшесіне дейін қалай келген?", - дейді ол.
Біз осы жағдайға байланысты пікір алу үшін қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгіндік.
"Бала бәрі ұйықтап жатқанда кетіп қалған"Полиция мәліметінше, оқиға орнына барған қызметкерлер баланы алып кетіп, Әуезов аудандық полиция басқармасына жеткізген, содан кейін ювеналды полиция қызметкерлеріне тапсырған.
"Сол уақытта "102" пультіне жергілікті тұрғыннан қоңырау түсті. Ол аутизм спектрі бұзылған баласы бәрі ұйықтап жатқанда үйден шығып кеткенін хабарлаған", - деп нақтылады полиция.
Ведомство өкілдері бала анасына тапсырылғанын және онымен бақылауды күшейту мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізілгенін атап өтті.
Полиция мәліметінше, бала табылған жердің маңында тұрады.
Бұған дейін Жетісу облысында төрт жасар бала теміржол маңындағы жазық далада жалғыз жүргені туралы хабарланған болатын. Жүк пойызының машинисі баланы көріп қалып, құрамды тоқтатып, оны кабинаға салып алған. Оқиға видеоға түсіп қалды. Пойыз тоқтағаннан кейін бала Айнабұлақ бекетінің кезекшісіне тапсырылды. Қызметкер баланың ата-анасымен байланысқан. Төрт жасар баланың теміржол маңындағы жазық далада қалай жалғыз қалғаны нақтыланбады.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу