Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Кейінгі аптада Габон мен Вьетнамнан оралған екі алматылықтан безгек ауруы анықталды, деп хабарлайды TengriHealth.
Кейінгі аптада Габон мен Вьетнамнан оралған екі алматылықтан безгек ауруы анықталды, деп хабарлайды TengriHealth.
Не болды?Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда сырттан келген безгектің барлығы төрт жағдайы тіркелген. Соңғы ауырғандар - Габонға іссапармен барып келген адам және Вьетнамда демалған турист.
Анықтама: Безгек - Plasmodium тегіндегі паразиттер тудыратын қауіпті инфекциялық ауру, ол адамға Anopheles тегіне жататын инфицирленген аналық масалардың шағуы арқылы жұғады. Безгек масалары бүкіл әлемде, әсіресе жылы және ылғалды аймақтарда кең таралған.
Дәрігерлер олардан аурудың екі түрлі формасын: тропикалық және үш күндік безгекті анықтады. Біріншісі - ең қауіптісі.
"Уақтылы емделмесе, тропикалық безгек мидың, бауырдың, бүйректің және тыныс алу жүйесінің зақымдануы сияқты ауыр асқынуларға, ал кей жағдайларда өлімге әкеп соғуы мүмкін", - деп атап өтті мамандар.
Үш күндік безгек жеңілдеу өткенімен, сарапшылардың айтуынша, ол "жасырынып" қалуға қабілетті. Оның қоздырғышы ағзада ұзақ уақыт өмір сүреді, соның салдарынан ауру жұқтырғаннан кейін бірнеше ай өтсе де кенеттен қайталануы мүмкін.
Қазір екі пациент те стационарда ем алып жатыр, олардың диагнозы зертханалық түрде расталған.
"Мамандар қажетті індетке қарсы іс-шаралар кешенін жүргізіп жатыр", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы алматылықтар үшін инфекцияның таралу қаупі жоқ деп тыныштандырды. Тұрмыстық жағдайда науқас адамнан жұқтыру мүмкін емес, себебі инфекция қол алысу, ыдыс-аяқ, тамақ, су немесе ауа-тамшы жолы арқылы берілмейді. Жұқтыру үшін белгілі бір маса түрінің шағуы қажет.
Алдын алу шараларыДәрігерлер қазақстандық саяхатшылар арасында танымал Вьетнам еліне ерекше назар аударуды сұрайды.
"Вьетнамда безгекпен ауыру деңгейі төмендегенімен, кейбір ауылдық және орманды аймақтарда жұқтыру қаупі сақталады. Сондықтан ірі туристік аймақтардан тыс жерлерге сапар жоспарлағанда эпидемиологиялық жағдай мен алдын алу шараларын алдын ала анықтауды ұсынамыз", - деп кеңес береді сарапшылар.
Саяхат кезінде негізгі қорғаныс шараларын ұмытпаған жөн:
репелленттерді қолдану, масаға қарсы торлар мен фумигаторларды пайдалану, жеңі ұзын киім мен шалбар кию, мүмкіндігінше масалар ең белсенді болатын кешкі және түнгі уақытта ашық ауада жүруді шектеу. Үйге келгенде қауіпті қалай анықтауға болады?Экзотикалық елдерден оралғандар үшін басты ереже - өз ағзасына құлақ түру.
"Дене қызуының көтерілуі, қалтырау, қатты әлсіздік, бас ауруы және басқа да белгілер сапардан кейін бірнеше күннен кейін де, бірнеше аптадан кейін де пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда дереу медициналық көмекке жүгіну және дәрігерге жақын арада шетелде болғаныңыз туралы міндетті түрде хабарлау қажет", - деп түйіндеді Ұлттық орталықтағылар.
Бұған дейін біз Қазақстанда жәндіктердің шағуы арқылы берілуі мүмкін аурулардың әлі де анықталып жатқаны туралы жазған болатынбыз. Мамандар саяхатшыларға төнетін қауіптерді еске салып, елде Денге безгегін, Зика вирусын және басқа да қауіпті инфекцияларды тарататын масалардың жаңа түрлерінің пайда болу ықтималдығын қадағалап отыр. Бұл туралы толығырақ мына осы жерден оқыңыз.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу