Алматыдағы Н.Сац атындағы театрды жаңартуға тағы 3,5 млрд теңге бөлінді

18.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Алматы қаласы экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов Наталия Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдер театры ғимаратын қайта жаңарту және оған қосымша құрылыс салу жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланғанын айтты. Жобаны аяқтауға биыл бюджет қаражатынан 3,5 млрд теңге қарастырылған. 

Театрды жаңарту жұмыстары былтыр наурыз айында басталған. Жоба құны бастапқыда 21,7 млрд теңге болды, кейін 23,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев жоба бағасы мемлекеттік сараптама негізінде белгіленгенін айтқан еді. 

Реконструкциялау жобасына сәйкес, ғимараттың тірек құрылымдары нығайтылады, шатыр мен қасбет тақталары ауыстырылады және барлық инженерлік коммуникация жаңартылады. Ғимарат толық автоматты өрт сөндіру жүйесімен жабдықталмақ. Сондай-ақ театр жабдықтары, жарықтандыру, сахна толықтай жаңартылып, орындықтар арасындағы өтпелер кеңейтіліп, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалады.

Сонымен қатар қазіргі театр жанында 10 мың шаршы метрлік үш қабатты жаңа ғимарат салынып жатыр. Жаңа ғимаратта 200 орындық сахнасы бар зал, грим бөлмелері, шеберханалар мен цехтарға арналған бөлмелер, декорацияларды сақтауға арналған қоймалар, көркемдік жетекші қызметкерлерге арналған кабинеттер, балалар театр студиясына арналған оқу сахнасы мен сыныптар орналасады. Екі ғимаратты галереялық өткел байланыстыратын болады. 

Еске салайық, Алматының биылғы нақтыланған бюджеті 2,8 трлн теңге болды. 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью