Алматыдағы реновация: қай жерлерде үйлер бұзылып, қай аудандар кезекте тұр?

05.08.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Алматыда реновация бағдарламасы бойынша 2026 жылы 1 132 адамды, ал 2029 жылға дейін мегаполистің тағы 3 830 тұрғынын көшіру жоспарланып отыр: мекенжайыңызды тексеріп көріңіз. Қазіргі уақытта қаланың жеті учаскесінде инвесторлар құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Поделиться

Tengri Home "Алматы" ӘКК сайтындағы құрылыс салушыларға арналған хабарландыруларды зерделеп, жуырда қай жерлерде екі қабатты және жеке үйлердің орнына көпқабатты үйлер бой көтеруі мүмкін екенін анықтап көрді.

Неге Алматыда реновация бағдарламасына ілінген үйлердің мекенжайлары жарияланбайды?

Мегаполистегі ескі үйлердің тұрғындарын көшіруге екі ұйым жауапты: "Алматы" ӘКК және "Almaty Renovation" ЖШС. "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мәліметінше, қалада реновациялауды қажет ететін 1 403 тозығы жеткен үй бар:

Жетісу ауданында - 141 үй; Әуезов ауданында - 65 үй; Түрксіб ауданында - 585 үй; Медеу ауданында - 82 үй; Алмалы ауданында - 135 үй; Бостандық ауданында - 269 үй; Алатау ауданында - 102 үй; Наурызбай ауданында - 24 үй.

Корпорация Tengri Home сауалына мекенжайлардың толық тізімін бермеді. Бұны олар тізім жарияланғаннан кейін нарықта алыпсатау басталады деп түсіндірді. Тозығы жеткен үйлерден бірнеше пәтерді сатып алып, кейін өтемақы ұсынылғанда бағаны әдейі көтерген жағдайлар кездескен. Соның салдарынан бағдарлама іркіліп қалған.

"2026 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша реновацияға жататын нысандардың тізбесі аудандық жергілікті атқарушы органдарда келісу сатысында тұр. Аталған тізім Алматы әкімдігінің тапсырысы бойынша "ҚазҚСҒЗИ" АҚ 2017–2018 жылдары жүргізген тұрғын үй қорын паспорттау нәтижелері негізінде қалыптастырылды", - деп нақтылады "Алматы" ӘКК.

Корпорация тізімде апатты үйлер жоқтығын қосып өтті. Бұл реновация кезінде барлық пәтер иесінің пікірі ескерілетінін білдіреді. Тұрғын үй апатты деп танылмағандықтан, көшіру туралы сотқа мәжбүрлі түрде жүгіне алмайды. Бағдарлама шарттары туралы толығырақ мына жерде жазған болатынбыз: "Үй бұзылып, бәрі көшіріледі: Қазақстандағы ауқымды реновацияның егжей-тегжейі белгілі болды"

Алматыда реновация бағдарламасы бойынша қанша адам көшіріледі?

"Алматы" ӘКК мәліметінше, 2026 жылы қаланың түрлі аудандарынан 432 адам көшіріліп үлгерді.

"Жыл аяғына дейін тағы 700-ден аса меншік иесін көшіру жоспарланған", - деп толықтырды корпорация өкілдері.

Бұдан әрі көшіру жоспары мынадай:

2027 жылы - 1 264 меншік иесі; 2028 жылы - 1 290 меншік иесі; 2029 жылы - 1 276 меншік иесі. Алматыда қай жерлерде үйлерді реновациялау жоспарланып отыр?

Корпорация өз сайтында реновация жобалары бойынша инвесторларды тарту және іріктеу үшін хабарландырулар жариялайды. Мәселен, Бостандық ауданында үш үйді реновациялауға инвесторлар іздестіріліп жатыр. Бұл – Жандосов көшесі бойындағы Розыбакиев – Солодовников – Радостовец – Қатаев шаршысында орналасқан 24 пәтерлі нысандар. Олардың орнына алты-тоғыз қабатты үш үй салынуы тиіс.

Әуезов ауданында Яссауи - Қоржын қиылысындағы 138 пәтерлік 12 үйді бұзу үшін инвесторға 2,9 миллиард теңге қажет болады. Олардың орнында тоғыз қабатты үйлер пайда болады.

spkalmaty.kz сайтындағы реновация туралы хабарландырудан алынған сызба

Түрксіб ауданында Сейфуллин - Ровенский - Кабардинская - Жұмабаев шаршысында 210 пәтерлік 16 үйді бұзу жоспарланып отыр. Нарықтық сатып алу құны - 4,2 миллиард теңге. Бұл жерде де тоғыз қабатты үйлер салынбақ.

spkalmaty.kz сайтындағы реновация туралы хабарландырудан алынған сызба

Алмалы ауданында Тілендиев - Варламов - Есенжанов - Прокофьев - кіші Абай шаршысында 42 жеке үйді бұзу жоспарда бар. Оларды сатып алу 6,4 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Жеке үйлердің орнына тоғыз қабатты үйлер салынады.

spkalmaty.kz сайтындағы реновация туралы хабарландырудағы карта

Ғабдуллин - Байтұрсынов - Тимирязев - Марков қиылысында инвесторға 580 пәтерлік 20 үйді 12 миллиард теңгеге бұзу ұсынылады. Қаланың Бостандық ауданындағы ауданы 11,8 гектар болатын бұл учаскеде құрылыс салушы алты қабатты жаңа үйлер тұрғыза алады.

spkalmaty.kz сайтындағы реновация туралы хабарландырудағы карта

Жетісу ауданында да (Ақпаев - Тохтаров қиылысы) 114 пәтерлік 18 үйді бұзып, алты-тоғыз қабатты сегіз үй тұрғызылуы мүмкін. Мүлікті сатып алу құны 2,3 миллиард теңгеге бағаланып отыр.

"Almaty Renovation" ЖШС мәліметінше, мұнда инвестор әлі анықталмағанына қарамастан, тұрғындарды көшіру жұмыстары басталып кеткен.

"Тұрғындарды көшіру үшін азаматтарға Наурызбай ауданының Шұғыла шағынауданында орналасқан "Almaty Renovation" ЖШС-нің көшіру қорынан пәтерлер беріледі. Пәтерлер бастапқы әрлеуден өткен  және тұруға толық дайын. "Алматы" ӘКК инвестор тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Учаскеде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған жоқ", - деп хабарлады "Almaty Renovation" ЖШС Тengri Нome сауалына берген жауабында.

Құрылысты инвестор таңдалып, тұрғындар көшіріліп, аумақ босатылып, үйлер бұзылғаннан кейін бастау жоспарланған.

"Қазіргі уақытта тұрғындарды көшіру жүзеге асырылып жатыр. Азаматтарға құқық белгілейтін құжаттар мен көшіру қоры пәтерлерінің кілттері беріледі, содан кейін олар ұсынылған баспанаға көшеді. Көшіру нотариус куәландырған айырбастау шартын жасасу арқылы жүзеге асырылады, онда ескі пәтердің орнына меншік иелері жаңа үйден ауданы үлкенірек, жөндеуі дайын және бірден көшіп баруға болатын пәтер алады", - дейді "Almaty Renovation" өкілдері.

spkalmaty.kz сайтындағы реновация туралы хабарландырудағы карта

Түрксіб ауданында реновация бағдарламасы бойынша Ақан сері - Чернышевский - Станкевич - Аймауытов көшелерінің қиылысындағы 64 пәтерлік сегіз үй бұзылуы мүмкін. Тозығы жеткен пәтерлерді сатып алудың алдын ала құны 1,3 миллиард теңге болады.

spkalmaty.kz сайтындағы реновация туралы хабарландырудағы карта

Бұхар жырау - Байтұрсынов - Габдуллин - Римский-Корсаков шаршысындағы 118 пәтерлік 13 үйді бұзу 2,4 миллиард теңгеге бағаланып отыр.

spkalmaty.kz сайтындағы реновация туралы хабарландырудағы карта

Масанчи - Абай - Қашғар - Құрманғазы шаршысында 243 пәтерлік 10 үйді алты миллиард теңгеге бұзу ұсынылып отыр.

spkalmaty.kz сайтындағы реновация туралы хабарландырудағы карта

Шолохов - Ақынов - Спартак - Толстой шаршысындағы үйлер де реновация бағдарламасына енді. Оларды сатып алу үшін инвесторға 1,6 миллиард теңге қажет болады, ал олардың орнына ол алты қабатты үйлер сала алады.

spkalmaty.kz сайтындағы реновация туралы хабарландырудағы карта

Сейфуллин - Крамской - Успенский көшелерінің қиылысында 40 пәтерлік бес үйді бұзып, олардың орнына тоғыз алты қабатты үй салу жоспарланып отыр. Құрылыс салушыға сатып алу үшін кемінде 1,2 миллиард теңге қажет болады.

spkalmaty.kz сайтындағы реновация туралы хабарландырудағы карта

Алматыда қазір қай жерлерде үйлерді реновациялау жүріп жатыр?

"Алматы" ӘКК мәліметінше, қазіргі уақытта реновация бағдарламасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары мегаполистің жеті нүктесінде жүргізіліп жатыр:

"AB Capital Qazaqstan" ЖШС - "Orient" ТҮК, Черепанов - Сүлейменов - Рысқұлбеков - Пришвин көшелерінің шаршысы. "Qazaq Stroy Properties" ЖШС - "Байзақов" ТҮК, Байзақов - Шевченко - Манас - Жамбыл көшелерінің шаршысы. "Г.С.Г. Высотник" ЖШС - "Satay" ТҮК, Боткин - Гончаров көшелері мен Райымбек даңғылының шаршысы. "KazSMU" ЖШС - "Maxima City" ТҮК, Крылов - Скрябин - Гончаров - Райымбек көшелерінің шаршысы. "ASG Capital" ЖШС - "История" ТҮК, Молдағалиев - Сауранбаев - Чернышевский - Толстой көшелерінің шаршысы. "Elif Construction" ЖШС - "Altai City" ТҮК, Наманганская - Гризодубова - Собинова - Захаров көшелерінің шаршысы. "ВЕК Tumar" ЖШС - "Tumar" ТҮК, Розыбакиев - Солодовников - Радостовец - Катаев көшелерінің шаршысы. Алматыдағы тұрғын үй реновациясы: пәтер алмасу қалай жүреді?

Бағдарлама бойынша инвестор меншік иелерінің мүлкін сатып алуға, тұрғындарды көшіруге, ескі үйлерді бұзуға және олардың орнына жаңасын салуға міндетті.

"Бағдарламада тұрғындарды тұрып жатқан адамдардың санына қарамастан, тұрғын үй-жайлардың техникалық паспорттарына сәйкес "бөлмеге бөлме" қағидаты бойынша инвестордың немесе уәкілетті ұйым - "Almaty Renovation" ЖШС-нің көшіру қорына көшіру көзделген", - деп нақтылады "Алматы" ӘКК.

Инвестормен жасалған келісімшартты бұзуға бола ма?

2026 жылғы 17 маусымда Алматы әкімі Медеу ауданының тұрғындарымен кездесті. Онда реновация бағдарламасы бойынша Атырау шағынауданындағы үйлерді бұзуы тиіс инвестор туралы мәселе көтерілді.

"Компания Строй Индустрия" ЖШС-нің реновация бағдарламасына қатысу туралы шартта көзделген міндеттемелерді тиісінше және уақтылы орындамауына байланысты, шартты бұзу рәсімін бастау керек", - делінген Алматы әкімдігі сайтында жарияланған есеп беру кездесуінің хаттамасында.

Тengri Нome "Алматы" ӘКК-ден инвестормен келісімшарт бұзылды ма деп нақтылады. Онда 2025 жылғы 26 желтоқсанда компаниямен Атырау шағынауданындағы №№ 4, 5, 6, 7, 8, 9 үйлерді реновациялау туралы шарт жасалғаны хабарланды.

"2026 жылғы 15 шілдедегі жобаның іске асырылу барысы және келісімшарт аясында қабылданған міндеттемелердің орындалуы туралы "Компания Строй Индустрия" ЖШС-нің есебі ұсынылған кеңес қорытындысы бойынша, шарт бойынша міндеттемелерді мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін аталған жоба аумағынан тұрғындарды көшіру жұмыстарының қорытындысы шығарылғанға дейін кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды", - деп жауап берді "Алматы" ӘКК.

Осылайша, инвестор міндеттемелерді орындамаған жағдайда, келісімшарт бұзылуы мүмкін. Ондайда рәсім қайтадан "нөлден" басталады - хабарландыру жарияланып, инвестор іздеу жұмыстары жүргізіледі.

Авторы: Махаббат Енсебаева

Аударған: Дина Шәріпхан

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

тұрғын үй тұрғындар Құрылыс

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью