Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Наурызбай ауданында өзен бойы жаңартылып, осы заманғы инфрақұрылымы бар жаңа серуен аймағы пайда болады. Бұл туралы аудан әкімі Назира Тоғызбаева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде айтты.
Жоба аясында өзеннің екі жағалауымен жалпы ұзындығы 1,4 шақырым болатын жаяу жүргіншілер аймағы салынады. Абаттандырылатын аумақтың жалпы көлемі — 13,4 мың шаршы метр. Оның ішінде: канал құрылысы — 5,8 мың шаршы метр, жолдар мен тротуарлар — 4,5 мың шаршы метр, көгалдандыру — 3 114 шаршы метр.
Сонымен қатар 1 576 шаршы метр аумақта суару жүйесі орнатылып, жағалау бойына 294 жарық шамы мен 70 шағын сәулеттік нысан қойылады.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталған. Жобаны 2026 жылы желтоқсанда аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Тастыбұлақ шағын ауданында су құбыры мен кәріз жүйелерін тарту бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстар 2027 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Үлкен Алматы каналын қайта жаңғырту жұмыстары биыл қазан айында аяқталатынын хабарлағанбыз.
Алайда қала әкімі Дархан Сатыбалды нысанды жаз мезгілінде су жіберіп тексеру үшін жұмысты жеделдетуді тапсырды.