Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Гоголь мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы ескі трамвай депосының орнына не салынатыны белгілі болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Депоның орнына не салынбақ?
Әкімдік мәліметінше, бұрынғы депо аумағында ауқымды жобаны іске асыру басталды. Мұнда ауданы шамамен 32 мың шаршы метр болатын креативті кластер пайда болады.
Оған көпфункционалды концерт залы, іс-шараларға арналған қоғамдық кеңістіктер, креативті индустрия өкілдеріне арналған студиялар мен шеберханалар, қазақстандық дизайнерлердің шоурумдары, заманауи өнер галереясы, қалалық іс-шараларға арналған атриум, сондай-ақ кәсіпкерлерге арналған кеңселер кіреді.
Жоба аумақты көріктендіруді де қарастырады. Мұнда амфитеатр, жазғы сахна, саябақ аймағы және балалар ойын алаңдары орналасады.
Алаң неге ұзақ уақыт бос тұрды?"Бұл жоба жекелеген аумақты көріктендірумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – аумақтың функционалдық рөлін өзгертіп, адами капитал мен креативті экономиканы дамытуға бағытталған жаңа орталық қалыптастыру", - деп атап өтті әкімдіктегілер.
Сондай-ақ баспасөз қызметі бұл алаңның ұзақ уақыт бос тұру себебін қала құрылысы және мемлекеттік сараптаманың барлық кезеңінен өтуі тиіс жобаны дайындау мен келісудің күрделілігімен түсіндірді.
"Жоба Қала құрылысы кеңесінің мақұлдауына ие болып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Яғни бүгінде жобаның тұжырымдамасы ғана емес, жобалық құжаттамасы да толық бекітілген. Ескі ғимараттарды бұзу жұмыстары аяқталып, құрылыстың белсенді кезеңі басталды", - деп хабарлады әкімдік.
Әзірге әкімдік жобаның құны мен қаржыландыру көзін ашып айтқан жоқ. Редакция бұл деректерді нақтылау үшін ресми сауал жолдады.
Сондай-ақ әкімдік қаланың трамвай желісін дамытудан бас тартпайтынын атап өтіп, LRT алғашқы желісінің құрылысы басталғанын еске салды. Ол Абылай хан даңғылымен, содан кейін Төле би көшесімен батыс бағытта, әрі қарай солтүстікке Момышұлы көшесімен өтеді. Жаңа трамвай депосы Алатау ауданының индустриялық аймағында салынады.
ХронологияЕске сала кетейік, Алматыдағы трамвай депосының жұмысы 2015 жылы тоқтатылған болатын. 2016 жылдың тамызында бұрынғы депо аумағын дамыту жобаларына конкурс жарияланды.
2017 жылдың шілдесінде аумақта қоғамдық кеңістік құру тұжырымдамасы бойынша конкурс жеңімпазы болып DEPO Evolution Park көпфункционалды кешенінің идеясы танылды. Ол демалыс және ойын-сауық паркін, "Кидзания" балалар орталығын, "Алматы Парк Депо" және қоғамдық көлік музей-саябақ кешенін құруды қарастырған.
2019 жылдың шілдесінде DEPO Evolution Park жобасы мемлекеттік органдардан қажетті келісімдерді алғаны белгілі болды. Ол кезде оны бұрынғы трамвай депосы аумағында іске асыру таяу күндері басталатыны хабарланған еді.
2020 жылы желіде депо орнына қонақ үй салу жоспарланып жатқаны туралы ақпарат тарады. Алайда қала билігі ол кезде бұл мәліметтер шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
2021 жылдың ақпанында депо тағы да назарға ілікті - инвестор жобаға қатысудан бас тартқаны белгілі болып, шығын қала бюджетіне жүктелді.
2026 жылдың наурызында Tengrinews.kz редакциясы бұрынғы трамвай депосының аумағы қазір қандай күйде екенін біліп қайтты. Фоторепортаж мына сілтемеде.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу