Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты: полиция қызметтік тексеруді бастады

26.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов халықпен кездесу кезінде резонанс тудырған жол-көлік оқиғасына қатысты сұраққа жауап берді. Ол жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты.

— Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қазіргі уақытта ауруханада жатыр. Алдағы уақытта оған қатысты тергеу әрекеттері толық жүргізіліп, жүргізуші қамауға алынады, — деді полиция бастығы.

Сондай-ақ Айдын Қабдұлдинов жол апатына көше жарысының себеп болғаны және оған полицияның жоғары лауазымды тұлғасының қатысы туралы желіде тараған ақпараттарға пікір білдірді.

— Полиция департаменті қызметтік тергеу жүргізіп жатыр, нақты құқықтық баға беріледі. Егер қызметкерлердің кінәсі анықталса, ең қатаң шараларды қолданамыз, — деді ол.

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Бүгін Алматы полициясы көшедегі көлік жарыстары туралы мәлімдеме жасады. Кейінгі үш тәулік ішінде қала жолдарында 5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью