Azh.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Алматыда алғаш рет ұйымдастырылған Solana Fest фестивалінің алғашқы маусымы мәресіне жетті. Бар-жоғы бір демалыс күнінің ішінде қала әлемдік шоу индустриясының назарын өзіне аударған орталыққа айналды. 16 мамыр күні фестиваль сахнасында Timbaland, Nicole Scherzinger, Keri Hilson, John Newman, Tyga, Busta Rhymes және Flo Rida сынды әлемге әйгілі орындаушылар өнер көрсетті.
Фестивальге 25 мыңнан астам көрермен жиналды. Сонымен қатар іс-шараға Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия және басқа да елдерден қонақтар келді. Бірнеше күн бойы әлеуметтік желілер концерттен түсірілген бейнероликтерге, сахнадағы әсерлі сәттерге және көрермендердің эмоциясына толы болды.
Әсіресе, Busta Rhymes көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Өнер көрсеткеннен кейін ол алматылық көрермендердің ыстық ықыласы әсерленіп, көз жасына ерік берген. Кейін әлеуметтік желідегі парақшасында Алматы жұртшылығына шынайы қолдауы мен ерекше атмосфера үшін алғыс айтып, фестивальді ұмытылмас кештердің бірі деп атады.
Ал Flo Rida көрермендермен етене араласып, жанкүйерлермен бірге би билеп, сахнадан ұзақ уақыт кетпей, нағыз шоу сыйлады.
Әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздары Алматы қазақы қонақжайлықпен қарсы алды. Қонақтарға ұлттық шапан жабылып, алматылық суретші Әсел Сабыржанқызы әр орындаушыға бейнесі бедерленген эксклюзивті кілем тарту етті.
Solana Fest-тің алғашқы маусымы көктемнің ең көп талқыланған музыкалық оқиғаларының біріне айналып, Алматының әлемдік концерттік және фестивальдік алаңдар картасындағы орнын нығайта түскенін айқын көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль жалғасын табады. Қазірдің өзінде жаңа әлемдік хедлайнерлер қатысатын Solana Fest-тің екінші маусымына дайындық басталып кеткен.
Бүгін, 15:25