Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде екінші және үшінші жылу электр орталықтарында болып, ауқымды жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы қаласының Алатау ауданындағы екінші жылу электр стансасы – алып шаһардағы ең ірі жылу көзі. Жаңғырту жобасының басты мақсаты – энергетика кешенін табиғи газға көшіру арқылы қаланы жылумен және энергиямен тұрақты қамтамасыз етіп, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайту. Оның аясында жылу қуаты сағатына 952 Гкал-ға дейін, ал электр қуаты 600 МВт-қа дейін жететін заманауи газ стансасын іске қосу көзделген.
Жобаны жүзеге асыру барысында үш газ турбинасы мен генератор орнатылды. Жабдықтардың 99%-ы жеткізілген.
Қосалқы инфрақұрылым мен жол құрылысы аяқталды. Негізгі нысандардағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының жалпы дайындық деңгейі шамамен 55%. Қазіргі кезде бас корпус ғимараты мен су жылыту қазандықтарында, су және газ дайындау пункттерінде, сондай-ақ электр техникалық инфрақұрылым нысандарында жұмыс жалғасуда. Барлық жұмыс, соның ішінде негізгі жабдықтарды жеткізу бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жобаның аяқталуы 2026 жылдың соңына жоспарланған.
Сонымен қатар Премьер-министрдің бірінші орынбасары Алматы облысы Іле ауданының аумағында орналасқан үшінші жылу электр орталығын да аралап көрді. Стансада қайта жаңғырту жұмыстары аясында кемінде 450 МВт болатын бу-газ қондырғысы салынады және тозығы жеткен жабдықтар жаңартылады. Мердігері – қазақстандық компаниялар консорциумы.
Бүгінде қадалы іргетас алаңын орнату жұмыстары жүргізілуде, газ турбиналық қондырғының алғашқы жиынтығы іргетасқа орналастырылды, жабдықтардың бір бөлігі құрылыс алаңына монтаждалып қойылды. Жоба-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өту сатысында. Қайта жаңғыртуды аяқтау 2027 жылға жоспарланған.
Нұрлыбек Нәлібаев Алматының дамуы, қала халқының өмір сапасын жақсарту мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін атап өтті. Энергетикалық нысандардың сенімді әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданған. Соған сәйкес жаңғырту жұмыстарын белгіленген кестеден кешіктірмей, дер кезінде аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы тау кластері мен Almaty Superski жобаларының жүзеге асырылу барысымен және Индустриалды аймақтың жұмысымен танысты.