Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Алматы тұрғыны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) маңында тірі жыланды байқап қалды. Оның қаншалықты қауіпті екенін сарапшы түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жыланның суреті
Оқырман редакцияға сурет жіберіп, 25 тамызда таңертең оқу орны маңында жыланды көргенін хабарлады. Кейін ер адам ол Есентай өзеніне жақын жерде өріп жүргенін нақтылады.
Алматыда жылан байқалды. Оқырман жолдаған фото
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі аумақты тексеріп, суреттегі жер университет аумағына жатпайтынын хабарлады.
Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі бауырмен жорғалаушыларға қатысты мәселе олардың құзыретіне кірмейтінін атап өтті.
ТЖД мамандары бізге жылан аулаумен айналысатын ұйымға хабарласуға кеңес берді.
Сарапшылар не дейді?Алматы хайуанаттар бағы "Экзотариум" бөлімінің қызметкері Сергей Головенконың айтуынша, Алматының тұрғын үй алаптарында улы жыландар кездеспейді. Олар қалаға кездейсоқ түсуі мүмкін - мысалы, топырақпен, құрылыс материалдарымен, жеміс-жидек немесе көкөністермен бірге келуі ықтимал. Сондай-ақ табиғат аясында жүргенде жыландардың көлік ішіне немесе капот астына кіріп кетіп, қалаға сол арқылы жету жағдайлары да болған.
"Алматы аумағында жыланның үш түрі кездеседі: суреттегідей өрнекті қарашұбар жылан, су жыланы және кәдімгі сарыбас жылан (соңғысы кейінгі жылдары сирек кездеседі). Олардың бәрі улы емес және адамға қаупі жоқ", - деді ол Tengrinews.kz тілшісіне.
Головенконың сөзінше, Алматыда байқалған жылан - өрнекті қарашұбар жылан. Бұл түр Ботаникалық бақ пен Атакенттің саябақ аймағында жиі кездеседі. Ал су жыландарын өзен-көл жағалауларынан көруге болады.
Бұл ретте жыландар тұрғын үйлерге кіріп кетуі мүмкін. Күз айларында олар қыстауға қолайлы жер іздеп, кейде жеке үйлер мен жаңа құрылыстардың жертөлелерінен табылып жатады. Бұл жағдай жазда да болады: ыстықта жыландар салқын таса іздейді.
- Осы үш түрдің де еш зияны жоқ, улы емес және адам өміріне қауіп төндірмейді, сондықтан оларды ұстап, аулаудың қажеті жоқ, - деп түсіндірді сарапшы.
Сарапшының мәліметінше, улы жыландар Алматы маңында кездеседі. Жазық және далалық аймақтарда дала сұржыланын, ал таулы жерлерде кәдімгі қалқантұмсық жыланды жолықтыруға болады. Екі түрі де улы, бірақ маманның айтуынша, олардың уы аса жоғары токсинді емес, сондықтан шаққан жағдайда өлім-жітім өте сирек тіркеледі.
Ол у құрамына аллергия болса, иммунитет әлсірегенде немесе кейбір аурулар болса, салдары ауыр болуы мүмкін екенін нақтылады. Әсіресе балалар мен қарттарға қауіптірек. Головенко дені сау ересек адам үшін дала сұржыланының немесе қалқантұмсықтың шағуы, әдетте, өмірге қауіп төндірмейтінін атап өтті.
Бұған дейін Құлсары тұрғындары жылан қаптауына тап болған еді. Олардың айтуынша, су тасқынынан кейін үйлердің сыз тартқан жертөлелерінде жыландар пайда бола бастаған.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу