Алматылық жастар жобасы үшін 5 млн теңгеге дейін қаржы ала алады: Қалай қатысуға болады?

08.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбектің айтуынша, жаңа бастама мемлекет пен жастар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетігіне айналмақ.

«Бұл жоба әрбір белсенді алматылыққа өз идеясын нақты қалалық жобаға айналдыруға мүмкіндік береді. Қоғамдық кеңістіктерді көріктендіруден бастап экологиялық бастамаларға, цифрлық сервистерге, білім беру бағдарламалары мен мәдени іс-шараларға дейін жастардың өздері қатысып, Алматыны одан әрі заманауи, жайлы әрі тартымды қалаға айналдыратын ұсыныстарын жүзеге асыра алады», деді ол.

Жобаға Алматы қаласында тұратын 18-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Өтінімдер jasalmaty.kz порталы арқылы электронды түрде қабылданады.

Тимур Турлов: Қазақстанның ең үлкен байлығы – оның жастары

Байқауға қалалық ортаны абаттандыру, инфрақұрылым, экология, мәдениет, спорт, білім беру, цифрлық технологиялар, жастар кәсіпкерлігі, туризм, медиа, инклюзия, психологиялық денсаулық және басқа да әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жобалар қабылданады.

Іріктеу бірнеше кезеңнен өтеді. Алдымен өтінімдер техникалық сараптамадан өткізіліп, кейін арнайы конкурстық комиссияның қарауына ұсынылады. Комиссия құрамына Жастар саясаты басқармасының өкілдері, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері мен сарапшылар кіреді.

Грант, сыйлық, шәкіртақы: Дарынды жастардың дамуына жол ашатын бастамалар

Сараптамалық іріктеуден өткен жобалар ашық онлайн дауыс беруге шығарылады. Қазақстан тұрғындары электрондық цифрлық қолтаңба немесе SMS арқылы өз таңдауларын жасай алады. Әрбір пайдаланушы үш жобаға дейін дауыс бере алады.

Бір жобаға бөлінетін қаржылай қолдау көлемі 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін болады. Бағдарламаның жалпы бюджеті 90 миллион теңгені құрайды. Осы қаржы есебінен 12-ден 60-қа дейін жастар бастамасын жүзеге асыру жоспарланған.

Еске сала кетейік, елімізде талантты жастарды қолдауға арналған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына өтінімдер қабылдау жалғасып жатыр. Конкурсқа қатысатын құжаттар 17 қыркүйекке дейін қабылданады. 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью