Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
АСТАНА, 30 шілде – Sputnik. Алматыда автотұрақ кеңістігін ұйымдастыру ережесін жаңарту жоспарланып отыр, деп хабарлады қала әкімдігі.
Жаңа жобаға сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары тұрғылықты жерінен 500 метр радиуста орналасқан бір коммуналдық автотұрақта бір көлігін тегін қоя алады.
"Бұл ретте нақты тұрақ орны бекітілмейді. Мұндай тәсіл автотұрақты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жоба автотұрақтарды жабдықтауға, олардың жұмыс режиміне және төлем жасау тәсілдеріне қойылатын бірыңғай талапты белгілейді. Ережелердің сақталуын мобильді және стационарлық фото-бейнетіркеу кешендері арқылы бақылау жоспарланып отыр", – деді әкімдік өкілдері.
Жүргізушілерге ыңғайлы болу үшін жеңілдік мерзімі сақталады. Атап айтқанда, жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін тротуар бойындағы автотұрақтарда 5 минут тегін уақыт беріледі. Ал алаңдағы автотұрақтардан шығуға тегін 10 минут қарастырылған.
Бұрынғыдай автотұрақ ақысын төлеуден соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, электр көлігі иелері және жедел қызмет көліктері толық босатылады.