Алматылықтарды метро станциясына кіргізбей қойды: полиция себебін атады

05.11.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

5 қараша күні таңертең алматылықтар метро жұмысында іркілістер болғанын хабарлады. Жолаушылар "Райымбек батыр" станциясына кіре алмай, кейбіріне жолын автобуспен жалғастыруға тура келген. Полиция оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Желіде не жазылды?

Желіде алаңдаушылық тудырған хабарламалар пайда болды. Желі қолданушыларының бірі таңғы сағат 8 шамасында "Райымбек батыр" станциясына кірмек болғанын, бірақ оны ішке жібермегенін айтты.

"Полицей есікті тарс жауып: "Метро жұмыс істемейді", – деді", – деп жазды ол танымал әлеуметтік желіде.

Тағы бір жазбада алматылық тұрғын жолаушыларға автобусқа отыру ұсынылғанын хабарлады.

"Метрода не болғанын кім біледі? Адамдардан әрі қарай автобуспен жүруді сұраған. Анам хабарласып, Саяхаттан Арбатқа дейін келгенін, әрі қарай жабық екенін айтты", – деп жазды ол.

Полиция не деді?

Алматы қаласы полиция департаменті "Райымбек батыр" станциясында бір әйел метрополитен қызметкерлеріне жарылғыш құрылғы бар екенін айтқанын хабарлады. Полицейлер оны бірден ұстады.

"Станцияда тиісті мамандарды тарта отырып, комиссиялық тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде жарылғыш құрылғылар мен күдікті заттар табылған жоқ", – деді полиция.

ПД алдын ала мәліметінше, әйел психикалық денсаулық орталығында есепте тұр. Қазіргі уақытта полицейлер тексеру жүргізіп жатыр, оның қорытындысы бойынша әйелдің іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Полиция қазір метро қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Алматыдағы осыған ұқсас жағдайлар

Соңғы екі аптада Алматыда осыған ұқсас бірнеше жағдай орын алды.

20 қазанда Алматының үш университетіне жарылғыш зат қойылғаны туралы қоқан-лоқы хаттар түскен болатын. Шұғыл қызметтер ғимараттарды тексергенімен, ешқандай қауіпті зат таппады.

28 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен оқытушылары эвакуацияланды. Бұған қараусыз қалған күдікті сөмке себеп болған. Кейін оның студенттің сөмкесі екені және ішінде оқу құралдары болғаны анықталды.

2 қарашада Dostyk Plaza СОО-на жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына шұғыл қызметтер жетті. Тексеруден кейін полиция жарылғыш құрылғы туралы ақпарат расталмағанын хабарлады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью