Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Өскемен қаласында «AMANAT» партиясының қолдауымен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ұйымдастырған «Алтайым – алтын бесігім» атты Республикалық командалық айтыс өтті. Дүбірлі додада Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының ақындары мен өнерпаздары өзара бақ сынады.
Жыр аламанында сүре айтыс, түре айтыс, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысы сынды айтыс түрлері қайта жаңғырып, дәстүрлі ән әуеледі. Сонымен қатар жыр-терме орындалып, күмбірі бөлек күй шалқыды.
Өнер додасын Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, белгілі ақын Аманжол Әлтай жүргізді.
«Бұл – елімізде екінші жыл қатарынан өтіп жатқан ірі мәдени жоба. Командалық айтыс арқылы біз ұлттық өнердің аясын кеңейтіп қана қоймай, жас таланттарға жол ашып отырмыз. Бүгін Өскеменде Сарыарқа мен Өр Алтайдың өнерпаздары жыр мен сөздің көрігін қыздырды. Мұндай жобалар ұлт руханиятын нығайтып, айтыстың жаңа тынысын ашады», – деді депутат.
Өз кезегінде, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов айтыс – ұлттың жаны, төл өнердің ұлы көші екенін мәлімдеді.
«Айтыс десе көз алдымызда қазыналы қазақ халқының ұлттық болмысы, салт-санасы, сан ғасырлық мәдениеті елестейді. Былтыр ашылған Ақтан Нұрбаев атындағы облыстық ақындар мектебі өнерге ынтасы бар талай жастың қанатын қатайтып, талабын шындап, топқа қосып келеді. Жыл сайын Шығыста республикалық, халықаралық екі айтысты дәстүрлі түрде өткізіп отыруды жолға қойдық», – деді облыс әкімі.
Осы орайда, «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің директоры Еркебұлан Жаулыбаев жыр додасының мәні мен маңызына тоқталды.
«Республикалық командалық айтыс – «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан мега жоба. Партиямыз ұлттық өнерге қолдау көрсету, ұлт руханиятын дамыту ісін әркез басты назарда ұстайды», – деді ол.
Осылайша, Шығыс Қазақстан облысының командасын ақын Серік Құсанбаев, ал Қарағанды облысының командасын ақын Айтбай Жұмағұлов бастап шықты. Әр команда құрамында айтыскерлермен қатар жыршы, күйші, термеші және дәстүрлі әнші өнер көрсетті. Бұл сайыстың мазмұнын байытып, көрерменге жан-жақты өнер мерекесін ұсынды.
Айтысқа қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман бастаған мәдениет және әдебиет саласындағы айтулы азаматтар төрелік етті. Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен Шығыс Қазақстан облысының командасы жеңімпаз атанып, келесі кезеңге жолдама алды.
«Бұл жеңіс – тек біздің команданың ғана емес, тұтас өңірдің, ұлттық өнерге жанашыр жұртшылықтың жеңісі. Командалық айтыс – үлкен жауапкершілік пен бірлікті талап етеді. Біз әр кезеңде ел сенімін ақтауға тырыстық. Осындай жобалар жас өнерпаздарға үлкен мүмкіндік береді, айтыстың тынысын кеңейтеді», – деді Шығыс Қазақстан облысының командасын бастап шыққан ақын Серік Құсанбаев.