Алтайда қазақ емшілігіне қатысты екі ғылыми жоба жүлделі орынға ие болды шетелдегі қазақ баспасөзі

01.02.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

50 жылдан асқан автокөліктерді пайдалануға шектеу енгізіледі – ӨзА

Өзбекстанда зауыттан шыққанына 50 жыл және одан да көп уақыт өткен автокөлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Бұл жөнінде Министрлер Кабинетінің «Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласын цифрландыру бойынша қосымша шаралар туралы» қаулысы қабылданды.

Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.

Хабарламада айтылғандай, қаулыға сәйкес, Қоғамдық қауіпсіздік департаментіне қарасты Жол қозғалысы қауіпсіздігі қызметінің ақпараттық жүйесіндегі «Әкімшілік іс жүргізу» модулі жауапты министрліктер мен ведомстволардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады.

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап жалпы салмағы (жүкпен бірге) 44 тоннадан асатын жүк автокөліктері, кен орындары, шахталар мен карьерлерде пайдаланылатын арнайы техника, заңды тұлғаларға тиесілі бағытсыз таксилер, сондай-ақ «антикварлық» авто-мотокөліктер үшін жеке сериялы мемлекеттік тіркеу нөмір белгілері енгізіледі.

Фото: uza.uz

Сонымен қатар өндірілгеніне 50 жыл және одан да көп уақыт өткен көлік құралдарын пайдалануға және қайта тіркеуге тыйым салынып, мұндай көліктер мемлекеттік тіркеуден шығарылады. Бұл талаптар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және техникалық тұрғыдан ескірген көліктердің санын азайтуға бағытталған.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Алкоголь және темекі өнімдерін сатып алу толықтай электронды төлем жүйесіне көшеді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Өзбекстанда 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап алкоголь және темекі өнімдерін сатып алу толықтай электронды төлем жүйесіне өтеді. Төлемді банк картасы, электронды төлем қосымшалары немесе QR-код арқылы жүргізуге болады.

Бұл жаңашылдық тұтынушылар үшін сатып алу үдерісін анағұрлым ыңғайлы әрі жедел етеді. Ең бастысы, сауда-саттықтың ашықтығы мен айқындығы қамтамасыз етіліп, заңбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Алтай қысқы ойындарының III турында қандасымыз чемпион атанды - Алтай ақпарат орталығы

2026 жылғы 3-ші «Мұз бен қар Жібек жолы, Қытайдың қар астанасы» атты Алтай тауының қысқы ойындары 27 қаңтарда Шыңжаңның Алтай қаласының маусымдық дене шынықтыру саябағында басталды.

Төрт күндік жарысқа Қытай, Қазақстан, Моңғолия және басқа да елдер мен аймақтардан 200-ден астам спортшы мен жаттықтырушы қатысты. Қатысушылар үш негізгі санат бойынша 16 жарыс түрінде бақ сынады: шаңғы жарысы, шаңғымен тауға шығу және конькимен сырғанау, деп хабарлайды қытайлық «Алтай ақпарат орталығы». 

Фото: mp.weixin.qq.com

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Алтай қаласында халықаралық деңгейде өтіп жатқан 3-кезекті Алтай тауы өңірлік қысқы спорт жарысында Алтай аймағы уәкілдер үйірмесінің спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, үш бірдей алтын медаль иеленді.

Алтай қаласының маусымдық дене шынықтыру саябағында өткен мұзда жылдам сырғанау бәсекесінде ерлер мен әйелдер арасындағы 1000 метр қашықтықта, сондай-ақ аралас эстафеталық жарыста алтайлық спортшылар топ жарды.

Атап айтқанда, ерлер арасында A тобының 1000 метрлік жарысында Алтай аймағы уәкілдер үйірмесінің спортшысы Хан Иуйшуан жеңіс тұғырынан көрінді. Ал әйелдер арасындағы осы қашықтықта Алтай аймағының өкілі Таңнұр Азатқызы қарсыластарынан озып, алтын медальға қол жеткізді.

Сонымен қатар A тобы бойынша аралас эстафеталық сырғанау жарысында Алтай аймағы уәкілдер үйірмесі үйлесімді командалық жұмыстың нәтижесінде тағы бір алтын медаль еншілеген.

Сондай-ақ осы аптада «Алтай ақпарат орталығы» басылымында «Алтайда қазақ емшілігіне қатысты екі ғылыми жоба жүлделі болды» деген мазмұндағы ақпарат жарияланды. 

Фото: med66.com

Жақында 8-шы кезекті Шыңжаң медицина ғылым-техника сыйлығының қорытындысы жарияланып, Алтай аймағынан ұсынылған қазақ емшілігіне қатысты екі жоба жүлделі орындарға ие болды. Бұл жетістіктер өңірдегі дәстүрлі медицинаның ғылыми тұрғыда дамып келе жатқанын көрсетті, деп хабарлайды altxw.com.

Аталған басылымның дерегінше, Шыңжаң өлкелік дәрі-дәрмек зерттеу институты, Алтай аймақтық дәстүрлі қытай медицинасы ауруханасы мен қазақ медицинасы ауруханасы сондай-ақ Ханчжоу медицина колледжі бірлесіп іске асырған «Қазақша дәрілерден жүйелі жаңалық ашу және үлгілік зерттеу» атты жобасы бірінші дәрежелі сыйлыққа ие болды. Ал «Қазақ дәрілік өсімдіктер шежіресі» (II том) екінші дәрежелі сыйлықпен марапатталды.

Аталған жобалар Алтай өңіріндегі қазақтың дәстүрлі емшілігі мен дәрілерін жүйелеу, ғылыми негіздеу және клиникалық қолданысқа енгізу бағытында маңызды рөл атқарды. Бұл еңбектер дәстүрлі медицинаны сақтап қана қоймай, оны заманауи талаптарға сай дамытуға жол ашты.

Жүлделі жобалар Алтай аймағының қазақ емшілігі саласындағы ғылыми әлеуетін айқындап, өңірлік медицина ісінің сапалы дамуына тың серпін берді.

Иран фармацевтика саласында жоғары әлеуетке ие - «Eurasia Today» ақпарат агентті

Фармацевтика саласында жоғары әлеуетке ие Иран ішкі нарықтың басым бөлігін отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды EurasiaToday.

Аталған басылымның мәліметі бойынша, фармацевтика өнеркәсібі — бұл жай ғана бизнес емес, заманауи денсаулық сақтау саласының іргетасы әрі мемлекет қуатының басты көрсеткіші. Бұл сектор адам өмірін ұзартуға, халық саулығын жақсартуға және озық ғылымды ілгерілетуге бағытталған компанияларды біріктіреді.

Фото: eurasiatoday

Халықаралық санкциялар салынған Иран үшін дәрі-дәрмекпен өзін-өзі қамтамасыз ету – жай ғана ұран емес, өмірлік қажеттілік. Сондықтан Иран өз ішкі мүмкіндіктеріне сүйеніп, университеттердің ғылыми әлеуетін, мамандардың тәжірибесін пайдаланып, іргелі ғылымға негізделген компанияларды дамытып келеді.

Тяньцзинь Астанадағы LRT-ге диспетчерлік мамандар дайындады – «Халық газеті»

Жақында Қазақстандағы Астана жеңіл релісті теміржолына(LRT) диспетчерлік қызмет көрсетуге маманданған тағылымдамадан өтушілер Тяньцзиньдегі негізгі практикалық оқу кезеңіне жетті.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» басылымы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, жоғары білікті диспетчерлік жұмыс күшін тәрбиелеу үшін Тяньцзинь теміржол транзит тобы негізгі диспетчерлік дағдыларға баса назар аударады және нақты орында оқыту, модельденген оқыту түрі және жұмыс тәжірибесін қамтитын үш деңгейлі оқыту жүйесін мұқият әзірледі. Астананың аса суық климаты мен жеңіл релісті теміржолдың автоматты жүруін ескеріп, тағылымдамадан өтушілерге қытайлық стандартты диспетчерлік техника мен практикалық шараларды меңгеруге көмектесетін арнайы курстар ұсынылды.

Фото: kaz.people.cn

Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Air Astana» әуе компаниясы Алматы – Шанхай бағыты бойынша тұрақты рейстерді іске қосады» деген ақпарат жарық көрді. 

Қытайлық БАҚ-тың Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, 2026 жылдың 29 наурызынан бастап «Air Astana» әуе компаниясы Алматы – Шанхай бағыты бойынша тұрақты рейстерді іске қосады.

Хабарда айтылғандай, Рейстер аптасына 3 рет орындалады. Нәтижесінде Қытай мен Қазақстан арасындағы рейстердің жалпы саны аптасына 81-ден 84-ке дейін артады.

Мәліметке сәйкес, рейстердің ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал етеді деп жоспарланып отыр.

Электрлі көліктер алғаш рет бензинді көліктерден көп сатылды - TRT

Белгісіздік пен артып жатқан бәсекелестік жағдайында Еуропада электрлі көліктерді қолданысқа енгізу процесі қарқын алды. «Tesla» компаниясы «BYD» және «Volkswagen» сияқты бәсекелестері алдында нарықтағы үлесінен айрылып барады.

Мәліметтерге сәйкес, саясаткерлер эмиссия ережелерін жеңілдетуді ұсынған кезеңнің өзінде Еуропа Одағында желтоқсан айында толықтай электрлі автокөліктердің сатылымы алғаш рет бензинді көліктердің сатылымынан басып озды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Фото: trtkazakh.com

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, еуропалық автокөлік лоббиі «ACEA» сейсенбі күні жариялаған деректерге қарағанда, АҚШ-та орналасқан «Tesla» компаниясы қытайлық «BYD» және «Volkswagen» сияқты бәсекелестеріне нарықтағы үлесін беріп қойды.

«TRT»-ның дерегінше, бүкіл Еуропа бойынша автокөлік сатылымы қатарынан алтыншы ай бойы жылдық негізде өсуін жалғастырды. Тіркеу мәліметі бойынша, 2025 жылы Еуропада электрлі көліктерге тапсырыс беру соңғы бес жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Алайда сатылым көлемі пандемияға дейінгі деңгейден әлі де едәуір төмен.

Сондай-ақ Еуропаның автокөлік секторы Қытайдан келген бәсекелестік, АҚШ-тың импорттық тарифтері және ішкі нарықта электрлі көліктерге көшуді тиімді жүзеге асыру сияқты қиындықтарға тап болды.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью