Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы туристер ағыны арта түспек — ӨзА
Фото: uza.uzТамыры тереңге тартқан тарихи-мәдени байланыстар мен Ұлы Жібек жолы бойындағы ортақ өркениет мұрасы екі елді ежелден жақындастырып келеді. Осы өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру мақсатында Туризм комитетінде Қазақстанның «Air Astana» әуе компаниясының өкілдерімен келіссөздер өтті, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Келтірілген деректерге сүйенсек, кездесуде екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейту, жаңа бағыттар ашу және қолданыстағы рейстер санын көбейту мәселелері қарастырылды. Өзбекстанда туризм инфрақұрылымын жедел дамыту, заманауи қонақүйлер, мәдени-ойын-сауық нысандары мен көлік-логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Атап айтқанда, Өзбекстанға келетін шетелдік туристердің елдің мәдени-тарихи мұрасына, соның ішінде Самарқанд, Бұхара және Хиуа қалаларына қызығушылығы артып келе жатқаны айтылды. Әуе рейстерінің көбеюі жаңадан ашылып жатқан туристік нысандармен, заманауи музей-көрме кешендерімен, қайта жаңғыртылған тарихи ансамбльдермен және дамыған туристік инфрақұрылыммен танысуға кең мүмкіндік береді.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ғарыш саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Фото: uza.uzАталған басылымның дерегіне сүйенсек, бүгінгі таңда Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы байланыстар қарқынды дамып келеді. Соның қатарында ғарыш саласындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түскен.
Өзбекстандық БАҚ-тың хабарлауынша, агенттік өкілдері мен Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов арасында кездесу өтті.
Жиында екіжақты ынтымақтастықтың болашағы және ғарыш саласындағы байланысты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, «Узбеккосмос» агенттігі мен Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жанындағы Аэроғарыш комитеті арасындағы әріптестікті күшейту бағытындағы ынтымақтастық қарастырылды.
Кездесу барысында Байқоңыр ғарыш айлағы аумағында туризм бағытын дамыту, сондай-ақ ғарыштық білім беру мен кадр даярлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де сөз болды.
Шыңжаңның Қорғас автомобиль жолы өткелінде «жылдам арна» іске қосылды — «Халық газеті»
Фото: kaz.people.cn1 наурыздан бастап Шыңжаңның Қорғас автомобиль жолы өткелінде құрлықтағы порттарға арналған «экспорттық тауар көліктері үшін жылдам арна» іске қосылды, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, негізінен экспортқа арналған көлік жүргізушілеріне қызмет көрсетуге арналған бұл жаңа шара шекарадан өтушілерді тексеру тиімділігін арттыруға бағытталған.
Мәлімет бойынша, Шыңжаңның Қорғас автомобиль жолы өткелінде іске қосылған «жылдам арна» бұрынғы «бір терезе» тексеру жолының негізінде жылдам тексеру құрылғыларымен жабдықталып, жүргізушілердің «адам жұмыс істейтін терезе» кезегінен «арна ішіндегі өзіндік тексеруге» ауысуын жүзеге асырды.
Келтірілген деректерге сүйенсек, Қорғас — Қытайдың ең ірі тауарларын экспорттайтын құрлықтағы өткел. Күн сайын 1000-нан астам көлік Қорғас бекеті арқылы кедендік декларациядан өткеннен кейін Қазақстан, Өзбекстан және басқа елдерге жөнелтіледі. 2025 жылы Қорғас өткелі арқылы экспортталған көліктер саны 450 мыңға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 6,9 пайызға өсіп, тарихи рекорд жаңартты.
Шыңжаңдық студент Гиннестің дүниежүзілік рекордын жаңартты — Harajorga
Фото: mp.weixin.qq.comҚашқар өңіріндегі Қашқар университетінің студенті Әли Мұса бір минут ішінде жіптен 188 рет қос айналыммен секіріп, «бір минутта жіптен қос айналыммен секіру» бойынша Гиннестің дүниежүзілік рекордын жаңартты. Бұл туралы Гиннестің дүниежүзілік рекордтар ұйымының ресми тексеру платформасы хабарлады, деп жазады қытайлық Harajorga басылымы.
Аталған БАҚ-тың хабарлауынша, Әли Мұсаның көрсеткіші бұрынғы рекордтан 4 ретке жоғары.
Осы нәтижесі арқылы ол Шыңжаң бойынша «бір минутта жіптен 188 рет қос айналыммен секіру» рекордын тіркеткен алғашқы рекорд иесі атанды. Сонымен қатар, ол аймақта жіптен секіру бойынша екінші рет Гиннес рекордын орнатқан спортшы болып отыр.
Түркияда жұмыссыздық деңгейі ел тарихындағы ең төмен көрсеткішке жетті — TRT
Фото: trtkazakh.comТүркияда жұмыссыздық деңгейі желтоқсан айында 7,7%-ға дейін төмендеп, ел тарихындағы ең төмен көрсеткішке жетті. Бұл ˗ 2005 жылдың қаңтарынан бері тіркелген ең төменгі деңгей.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Аталған БАҚ келтірген мәліметтерге сүйенсек, Түркия статистика институты бейсенбі күні жариялаған деректерге сәйкес, 15 жастан жоғары жастар арасындағы жұмыссыздық желтоқсанда 286 мың адамға азайып, 2,73 миллионға дейін қысқарған.
Осы кезеңде жұмыссыздық деңгейі ерлер арасында 6,3%, әйелдер арасында 10,5% болған.
Сонымен қатар жұмыспен қамту да азайды. Жұмыспен қамтылғандар саны 42 мың адамға дейін қысқарып, жалпы жұмыспен қамту көлемі 32,68 миллион адамға жеткен.
Ал жалпы жұмыспен қамту деңгейі 49,1% төмендеді. Ерлер арасында бұл көрсеткіш 66,8%, әйелдер арасында 32,7% болған.
Еңбек күші де 328 мың адамға азайып, 35,42 миллионға дейін төмендеді, ал еңбек күшіне қатысу деңгейі 53,2% болған.
Алтайдағы қазақ емшілігі шипаханасы түнгі емдеу қызметін енгізді — Алтай ақпараты
Фото: mp.weixin.qq.comАлтай аймақтық жұңи шипаханасы (Қазақ емшілігі шипаханасы) тұрғындардың күндіз дәрігерге қаралуына қолайсыздық туындайтынын ескере отырып, түнгі диагностика және емдеу қызметін қайта іске қосты, деп хабарлайды Алтай ақпаратының тілшісі.
Аталған БАҚ-тың емхана мәліметіне сілтеме жасап хабарлауынша, түнгі қабылдау дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 19:00–ден 21:00–ге дейін жүргізіледі. Қала тұрғындары шипахананың желідегі тіркеу қызметі арқылы алдын ала жазыла алады немесе тіркеу терезесінен сол жерде нөмір алып қабылдауға кіре алады.
Аймақтық жұңи шипаханасы директорының орынбасары Михуа Нихыметқызының айтуынша, бұл қызмет тұрғындардың медициналық көмекке деген сұранысын өтеу мақсатында ұйымдастырылған.
- Қызметкерлер мен тұрғындардың күндіз дәрігерге қаралуға уақыты болмауы ескеріліп, қабылдау уақыты кешкі мезгілге ұзартылды. Осы арқылы дәстүрлі емдеу әдістерін кеңінен қолданып, халыққа қолайлы әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік жасадық, — деді ол.
Мекеменің мәліметінше, кешкі қабылдау барысында жұңи дәрі жағу, тас қандауырмен піскілеп емдеу, құлақ ұяшығын емдеу, лоңқа қою, дәрілік булау, аяқ уқалау және құммен емдеу секілді оннан астам дәстүрлі емдеу әдісі қолданылады.
Түнгі диагностика-емдеу аймағы биыл 8 қаңтарда іске қосылған. Бұл қызмет жұмыстан немесе оқудан кейін тұрғындардың бос уақытында ем қабылдауына мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ осы аптада Алтай ақпараты басылымында «Алтай шебері ағаш ою арқылы мыңжылдық шаңғы мәдениетін жаңғыртып жүр» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген болатын.
Фото: mp.weixin.qq.comҚытайлық БАҚ-тың дерегінше, «Шаңғы тебудің отаны» және «Қытайдың қар астанасы» атанған Алтай қаласында жергілікті шеберлер мұз-қар мәдениетін қолөнер арқылы жаңғыртып келеді.
Алтай қаласы Балбағай кентінің қолөнершісі, 45 жастағы Адал Асылбек ағаш ою өнері арқылы ежелгі шаңғы мәдениетін бейнелейтін туындылар жасап жүр. Ол ағашты қағаз, ал пышақты қалам ретінде пайдаланып, бұйымдарға Алтайдың жартастағы суреттері мен қарлы табиғат көріністерін ойып түсіреді.
- Ағаш ою арқылы Алтайдың ежелгі мәдениетін көрсетіп, оны туристерге танытқым келеді. Дәстүрлі қолөнерді жастарға үйрету арқылы бұл өнерді жалғастыру маңызды, — дейді шебер.
Адал Асылбек 2006 жылы Үрімжіде қолөнер үйреніп, кейін туған жеріне оралып, дәстүрлі ағаш оюды заманауи стильмен ұштастырды. 2016 жылы ол туристік сувенирлерге арналған жеке шеберхана ашты. Қазір оның студиясы ағаш оюдың 50-ден астам түрін жасап, «Адам шаңғысының шығу тегі» атты сериялы бұйымдары туристер арасында танымал болып отыр.
Соңғы жылдары Алтай қаласы мәдени туризмді дамыту мақсатында ағаш ою, аң терісінен шаңғы жасау секілді дәстүрлі кәсіптерді қолдап келеді. Мұндай бастамалар көне қолөнерді сақтаумен қатар ауылдық жерлерде табыс көзін қалыптастыруға да ықпал етуде.
Осыған дейін 50 жылда Қытайда болған ірі өрт апаттарға шолу жасадық.