Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Қарағанды облысында "Пустынное" тау-кен байыту кешені аумағында адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиға болды. 31 жастағы конвейер машинисі қаза тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Алтыналмас АК" АҚ мәліметінше, төтенше жағдай 23 шілдеде кешеннің өндірістік нысандарының бірінде болған. Қаза тапқан адам - конвейер машинисі. Компания марқұмның жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты.
"Компания отбасына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетеді. Оқиғаның себептері мен мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр", - деп хабарлады "Алтыналмас АК" АҚ баспасөз қызметі.
"Алтыналмас" өкілдері тергеудің ресми қорытындысын күтуді және оқиғаның барлық мән-жайы анықталғанға дейін алдын ала тұжырым жасамауды сұрады.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті жұмысшының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Қылмыстық кодекстің 156-бабы 3-бөлігі "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Анықтама: "Пустынное" ТК - "Алтыналмас АК" АҚ өндірістік нысандарының бірі. Кешен Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында орналасқан және құрамында алтыны бар кенді өндірумен және өңдеумен айналысады. Кәсіпорын құрамына карьер мен алтын айыру фабрикасы кіреді. Өндірістің түпкілікті өнімі - "Доре" қорытпасы.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу