Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Жетінші турда блицтен әлем біріншілігінің қола жүлдегері, қытайлық Чжу Цзиньэрден басым түскен Бибісара келесі кезеңде Үнді елінің өкілі Дивья Дешмукхпен шеберлік байқасты. Бұл бәсекеде де қазақ шахматшысы жеңіске жетіп, жарыс кестесінде өзге қарсыластарынан едәуір озып кетті. Оның қоржынында қазір 15,5 ұпай бар. Екінші орындағы украиналық Анна Музычуктың Асаубаевадан 4,5 ұпайы кем. Үшінші, төртінші орынды Дивья Дешмукх пен Чжу Цзиньэр өзара бөлісіп тұр. Олардың әрқайсысында 10 ұпайдан бар. Одан кейінгі сатыларға Цзюй Вэньцзюнь (9 ұпай) мен Хампи Конеру (8 ұпай) жайғасты. Тоғызыншы турда жерлесіміз Музычукқа қарсы ойнайды. Осы бәсекеде бас жүлденің тағдыры шешіледі.
Скандинавия түбегіндегі турнир өтіп жатқан тұста ФИДЕ рейтингі қайта жаңартылғаны жайында да айта кетейік. Әлемнің ең үздік шахматшылары тізімінде Б.Асаубаева (2537 ұпай) төртінші орынға көтерілді. Оның алдында Қытайдың үш мықтысы – Хоу Ифань (2596), Лэй Тинцзе (2566), Цзюй Вэньцзюнь (2560). Бұрын-соңды еліміздің бірде-бір шахматшысы мұндай деңгейге жеткен емес. Сол себепті де бұны тарихи оқиға деп бағалаған жөн. Ал біз Бибісарадан бұдан да зор нәтиже күтеміз. Сондай-ақ әлемдік рейтингтегі ТОП-10 ойыншының қатарына украиналық Александра Горячкина (2536), қытайлық Чжу Цзиньэр (2535) мен Тань Чжунъи (2517), үндістандық Хампи Конеру (2529), украиналық Анна Музычук (2523), ресейлік Катерина Лагно (2506) сынды гроссмейстерлер енді.