AMANAT: Енді ауыл әкімдерінің өкілеттігі күшейеді

14.05.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Астанада Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің төрағалығымен «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі Республикалық кеңестің отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Талқылау жұмысына партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, Кеңес мүшелері және партияның өңірлік филиалдарының өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев бюджеттің IV деңгейін енгізу қадамы ауылдық округтердің қаржылық дербестігін арттырудың және жергілікті маңызы бар мәселелерді неғұрлым тиімді шешудің маңызды құралы екенін атап өтті.

Өз кезегінде, Ержан Жылқыбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және ауыл әкімдерінің өкілеттігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Ауылдарды жүйелі дамытпайынша мемлекет те орнықты дамымайды. Осыған байланысты, ауылдық елді мекендерді цифрландыруға және заманауи технологияларды енгізуге ерекше назар аударылып отыр.

Сондай-ақ ол «AMANAT» партиясы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп, ауыл әкімдері мен мәслихат депутаттарының кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған «Әкімдер мектебі» жобасын жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді.

Бұл ретте, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бюджеттің IV деңгейінің қазіргі жағдайы мен оны дамыту перспективалары туралы ақпарат ұсынды. Оның айтуынша, кейінгі сегіз жылда ауыл бюджетінің кіріс базасында тұрақты өсім бары байқалады. Бүгінде ауыл әкімдерінің аппараттары қаржыны 19 бағыт бойынша игеріп отыр. Басым бағыттар қатарында көшелерді жарықтандыру, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмысы бар. Былтыр шығыңдардың басым бөлігі дәл осы мақсаттарға бағытталды. Бұл қадам ауылдық жерлердегі тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етуде.

Сондай-ақ өңірлердегі өкілдер атқарылған жұмыс нәтижесі туралы баяндап, ауылдық округтердің қаржылық дербестігін нығайту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.

Отырыс барысында бюджеттің IV деңгейін одан әрі дамытуға кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелер айқындалды. Олардың қатарында ауыл әкімдіктеріндегі кадр тапшылығы, салық базасының шектелуі, трансферттерге жоғары тәуелділік, мемлекеттік сатып алу саласындағы қиындықтар, цифрландыру деңгейінің жеткіліксіздігі және қаржы ресурстарының аздығы бар.

Отырыс қорытындысы бойынша, жаңа Бюджет кодексінің ережелерін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдарға даму жоспарларын жаңғырту тапсырылды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью