Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Ол алғаш рет Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-да араб бөлімін, Шығыс тілдері кафедрасы мен факультетін ұйымдастырып, алғашқы меңгеруші, декан болды. Оның тікелей ұйымдастыруымен тұңғыш рет урду, парсы, түрік, қытай, жапон, корей тілі мен әдебиеті мамандықтары ашылды. Елімізде шығыстану жаңа деңгейге көтеріліп, тәуелсіздігімізді сыртқы саясат саласын дәйектеген Шахрат Нұрышев, Асхат Оразбай, Азамат Бердібай, Қайрат Лама-Шариф, Мұхтар Тілеуберді, Ерлан Баударбек-Қожатай, Ақылбек Камалдинов, Ержан Мұқаш, Берік Арын, Арман Исағалиев, Онталап Оңалбаев, тағы басқа дипломаттарды тәрбиелеп шығарды.
Академик Ә. Дербісәлі мұрасы қатарында араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен мәдениеті, қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі, Шығыс мұсылман елдерімен рухани байланыс, Ислам тарихы мен құндылықтары туралы 600-ден аса ғылыми танымдық еңбек бар. Әкеміз арабтілді Марокко әдебиеті тарихын жазып шықты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі құлпытастарындағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеді. Мұның сыртында 33 әл-Фараби, 31 әт-Тарази, 7 әт-Түркістани, т.б. түрік, қыпшақ, текті ғұламалар дерегін анықтады. Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, зерделеді. Құлпытасының эпитафиясын аударды. Берлин және Қашғар қолжазбасы негізінде ғұламаның «Жаһаннаме» поэмасын тәржімелеп жариялады. М.Х. Дулатидің тұлғалық энциклопедиясын шығарды.
Әбсаттар Бағысбайұлы ғылыммен бірге дипломатия саласына өлшеусіз үлес қосты. 90-жылдардың соңында сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшілігінде кеңесші қызметін атқарып, І сыныпты кеңесші дипломатиялық дәрежесін алды.
Әкеміз 13 жылдық бас мүфти қызметінде ғылыми-ағартушылық бағытын жолға қойып, Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетінің негізін қалады. Ислам ғылымы мен мәдениеті саласынан білікті, ғылыми дәрежелі маман даярлау жобасын іске асырды. Имамдар білімін жетілдіретін Ислам институтын, қасиетті Құранды мәнерлеп оқу конкурсын, Рамазан шараларын тікелей эфирде насихаттау жұмыстарын ұйымдастырды. Астанада әлемдік және дәстүрлі ұлттық дін лидерлерінің съездерін өткізуге үлес қосты. 90-жылдардың аяғында елімізде 100-ден аса мешіт жұмыс істесе, әкеміз бас мүфти болған шақта оның саны 2500-ден асыпты.
Әбсаттар қажы Дербісәлінің қыруар еңбегі еліміз тарапынан ғана емес, шет мемлекеттер тарапынан да жоғары бағаланған. Мәселен, 2002 жылы Египет Араб Республикасының І дәрежелі «Ғылым және өнер» орденін алса, 2004 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. 2005 жылы туған өлкесі «Түлкібас ауданының құрметті азаматы», «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атақтарын берді. 2019 жылы Жапония үкіметі «Күншығыс, Алтын шуақ орденін» омырауына тақты.
«Бала әкеге қарап өседі» демекші, мен М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка елдері институтын (ИСАА) араб тілі мамандығы бойынша бітірдім. Ал 1995 жылы күзде Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде алғашқы дипломатиялық қызметімді бастадым. Сол кездегі елші, белгілі қайраткер Т.Мансұров, білікті дипломаттар Б.Надиров, В.Чернов, Ғ.Қойшыбаев, Е.Алданов, В.Ковалев, М.Мырзалин, В.Темірбаев мырзалармен қызметтес болғанымды мақтаныш етемін.
Сол жылдары сала министрі Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған делегацияны қарсы алып, жүзбе-жүз кездескенімізде, әкеміздің ол кісі туралы «аса мәдениетті, ізетті, биік эрудициялы жан» деген бағасы есіме түсті.
Мәскеудегі елшілікте қызмет істеген 5 жыл ішінде күрмеуі қиын мәселелердің талайын сол кездегі Сыртқы істер министрі ретінде тиімді шешкенінің куәсі болдым. Мәселен, Интеграцияны тереңдету және ынтымақтастық туралы келісімшарт кедендік одақтың және Еуразия экономикалық қауымдастығының негізін қалады деуге негіз бар. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің шекарасын делимитациялау, Мәңгілік достастық қарым-қатынас туралы Декларация, екі мемлекет арасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатындағы Каспий теңізі солтүстік бөлігі түбінің ара-жігін ажырату туралы келісім, еларалық қаржы талаптарын реттеу туралы т.б. құжаттар дипломатия тарихынан өз орнын алары сөзсіз.
2003–2007 жылдары Қазақстанның Ливандағы Дипломатиялық миссиясының уақытша сенімді өкілі болып қызмет істедім. 2005 жылдың маусымында Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген отырысына Бейруттан келіп қатыстым. Бұл жиынға біз сияқты лауазымды тұлғалар шақырылғаны белгілі. Сала көшбасшысы сол кезде қалыптасқан жағдайға байланысты елшілер мен жауапты тұлғалардың есебі мен баяндамаларын, ұсыныстарын ыждағатпен тыңдап, өз сын-ескертпелерін айтты, кәсіби дипломат ретінде елеулі бағыт-бағдар берді.
Әкеміз Әбсаттар Дербісәлі дүниеден озғанда Мемлекет басшысының отбасымызға жолдаған көңіл айту хаты бізге ерекше әсер етіп, қайғы ауыртпалығын жеңілдетті.
Біз әрқашан айтамыз: Әбсаттар Бағысбайұлы – халықтың, ғылымның, шығыстанудың, дін саласының, дипломатияның адамы. Осындай тұлғаның перзенті атану – үлкен жауапкершілік. Анамыз Рафия Бәкірқызы, әкеміздің шәкірттері академик-шығыстанушы мұрасын жаңа буын мамандарға, жұртшылыққа таныстыру, насихаттау бағытында біршама жұмыс атқарды. Осы ретте жоғары оқу орындары, кітапханалар мен мәдениет үйлері басшыларына ризашылығымыз шексіз.
Ербол ӘБСАТТАРҰЛЫ