AMANAT партиясы Ақтөбедегі шалғай ауылдарға барып, тұрғындардың мұң мұқтажын тыңдады

14.05.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты Шұбарқұдық және Қопа ауылдарында «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы өткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шара барысында тұрғындардың талап-тілегі тыңдалып, өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланды.

Азаматтарды «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхаммед Жұмабек, Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықов, Темір аудандық мәслихатының төрағасы Болат Шаимов, Темір ауданының прокуроры Жаслан Жұмағазиев, Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Алмас Мұқашов, аудандық мәслихат депутаттары мен бөлім басшылары қабылдады. 

Қоғамдық қабылдауға 30-дан астам тұрғын келіп, олар жол жөндеу, жұмыспен қамту, жер және ауызсу мәселелеріне қатысты өтініштерін жеткізді. Мәселен, Қалмаққырған ауылының тұрғындары ауылға кіреберіс жолдың жағдайына алаңдап отыр. Жауын жауған, қар еріген кездерде жолды батпақ басып, көлік қатынасы қиындайды. Осыған байланысты, ауыл ақсақалы Аманшүрен Келбетов жолға қиыршық тас төсеу ісіне көмек көрсетуді сұрады.

«Мен осы жерде туып-өстім, бар ғұмырым осы ауылмен байланысты. Қазір жасым 75-те. Жолдасыммен 53 жыл отасып, 6 бала тәрбиелеп өсірдік. 

Ауылымыз шағын болғанымен, ауызбіршілігі жарасқан, тұрмысы түзу елді мекендердің бірі. Мұнда 75 үй, мектеп пен фельдшерлік пункт бар. Дегенмен ауылға кіреберістегі шамамен 650 метр жол жөндеуді қажет етеді. Жаңбыр жауған кезде батпақ, күн ысығанда шаң басады. Сол жерге қиыршық тас төсеп берсе, ауыл тұрғындарына үлкен көмек болар еді», – деді ол.

Бұл мәселе «AMANAT» партиясының назарына алынып, жергілікті әкімдікпен бірлесіп шешу жолдары қарастырылатыны жеткізілді.

Өз кезегінде, партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхаммед Жұмабек тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстарды оң шешу ісіне жіті назар аударылатынын атап өтті.

«Шұбарқұдық ауылында азаматтарды қабылдау барысында бірнеше маңызды мәселе көтерілді. Мәселен, тұрғындардың бірі бұрын көпес Демидовтың үйі болған ескі әкімдік ғимаратын тарихи нысан ретінде сақтап, онда мұражай мен кітапхана ашуды ұсынды. Бүгінде бұл мәселені ономастикалық комиссия қарап жатыр. Осындай ұсыныстарды республикалық қоғамдық қабылдау алаңында көтеріп, оң шешілуіне ықпал етуге тырысамыз. Жалпы, биыл төрт айда «AMANAT» партиясының ел аумағындағы қоғамдық қабылдау алаңдарына 34 мыңға жуық өтініш келіп түсіп, оның 58 пайызы оң шешімін тапты», – деді ол.

Темір аудандық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Хурлиман Нұртурғанова қоғамдық қабылдау барысында көтерілген барлық мәселеге айрықша мән берілетінін атап өтті.

«Қоғамдық қабылдаулар барысында тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген әрбір мәселеге жіті назар аударамыз. Әсіресе, ауылішілік жол, инфрақұрылым және тұрғындардың күнделікті тұрмысына қатысты проблемалар кезең-кезеңімен қаралып келеді. Тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, мәселелердің оң шешілуіне ықпал ету – біздің басты міндетіміз», – деді ол.

Айта кетейік, жыл басынан бері Ақтөбе облысындағы шалғай елді мекендерде 44 рет мобильді қоғамдық қабылдау өткізіліп, 200-ден астам тұрғынның мәселесі оң шешілді.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью