AMANAT партиясының Төрағасы шекара маңындағы ауылдардың байланыс сапасын жақсарту мәселесіне назар аударды

15.05.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партияның Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында азаматтарды қабылдады. Тұрғындар партия Төрағасына су желілерін жөндеу, елді мекендерді газдандыру және шекара маңындағы ауданда пошта қызметін жолға қою сынды бірқатар маңызды мәселемен жүгінді.

Қоғамдық қабылдауға келген Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының тұрғыны Бейбіт Қасенов су желілерін жөндеуге республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесін қозғады.

«Аудан орталығындағы су желілерінің жөндеу көрмегеніне 30 жылдың жүзі болды. Бүгінде инфрақұрылымдық жүйенің 60-70 пайызы тозығы жетіп тұр. Соның салдарынан тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге қатысты күрделі мәселе туындап отыр. Ал жергілікті бюджеттен қаражат бөлуге мүмкіндік жоқ», – деді ол.

Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету айрықша маңызды міндет екенін атап өткенін және соңғы жылдары осы бағытта нақты шаралар қабылданғанын еске салды. Сондай-ақ партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында барлық тұрмыстық және әлеуметтік инфрақұрылым ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болуы, ауылдар таза ауызсумен қамтамасыз етілуі мақсатында ауқымды жұмыс атқарылуда. Бұл ретте, партия Төрағасы Бейбіт Қасеновтың өтініші партияның ауыл тұрғындарына жайлы жағдай жасау бағытында қолға алып жатқан жұмысында, заң шығару ісінде және өзге де қызметінде ескерілетінін атап өтті.

Ал Астана қаласында тұрып жатқан Мади Сейтманов, Әзірет Мырзақасым, Жанерке Жасұзақ және Сұлтан Батырбек есімді жас азаматтар қоғамдық тамақтану орнында жұмыс істегендерін, алайда жұмыс беруші жалақыларын бермей кеткенін айтып, шағымданды. Ерлан Қошановтың айтуынша, заңнамаға сәйкес, жұмыс беруші қызметкермен міндетті түрде еңбек шартын жасасуға тиіс. Одан жалтаруға жол беруге болмайды. Сондықтан партия жастарды жұмысқа орналастыру мәселесіне жіті мән береді. Мәселен, партияның «Жастар Рухы» жастар қанаты колледж және жоғары оқу орын түлектеріне арналған ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп келеді. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адал еңбек қашан да бағалануға, қорғалуға және лайықты қаржыландырылуға тиіс екенін үнемі айтып келеді. Бүгінде еліміз Прогрессивті әрі Әділетті Қазақстанды құру жолына түсті. Референдумда азаматтар кеңінен қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес, әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Қазақстан Республикасы азаматтардың әлеуметтiк тұрғыда қорғалу құқығына заңға сәйкес кепілдік береді. Ал Мәжіліс қабырғасындағы партиямыздың фракция депутаттары азаматтардың еңбек құқығының қорғалуына қатысты заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізу жұмысын күшейтеді», – деді Ерлан Қошанов.

Астана қаласының тұрғыны Гүлмира Маженова есірткі айналымы үшін сотталған адамдарға қатысты қылмыстық саясатты жетілдіруді және заңнаманы ізгілендіруді ұсынды. Сонымен қатар Жамбыл облысы Жуалы ауданы Жаңаталап ауылының тұрғыны Серік Қожағұлов телефон және интернет байланысы сапасын жақсартуды сұрады. Ал Бауыржан Жауғашаров Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында пошта қызметін жолға қою мәселесіне назар аударды. Ерекше қажеттілігі бар балалар тәрбиелеп отырған Гүлбахрам Ерғалимова жеңілдікпен автокөлік сатып алуға көмек көрсетуді өтінді. Өз кезегінде, Иван Маркштедер есімді азамат электр қуатын есепке алу құралдарын орнату тәртібіне қатысты ұсынысын жеткізді. 

Сондай-ақ азаматтар ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және дамыту орталығына қолдау көрсетуге, арнайы білім беру ұйымдары педагогтарының жалақысына, оқушылар сарайын, теміржол арқылы өтетін жерүсті жаяу жүргіншілер көпірін салу салуға қатысты бірқатар мәселе көтерді. Өз кезегінде, Партия Төрағасы бүгін көтерілген мәселенің бәрі жүйелі түрде шешілетінін айтты. 

Ерлан Қошанов азаматтармен кері байланыс орнатуда осындай қабылдаулар өткізудің маңызына тоқталып, «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да халықтың мұң-мұқтажын шешуге баса мән беретінін атап өтті. 

«Біз ел-елді көп аралаймыз. Халықтың жағдайын, талап-тілегін жақсы білеміз. Сайлауалды бағдарламамызда олардың бәрі қамтылған. Барлығы кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Бірақ өңірлерді аралау бір бөлек, азаматтармен бетпе-бет кездесіп, мұң-мұқтажын да тыңдауымыз керек. Біз үшін әр адамның мәселесі маңызды. Оны шешу – басты міндетіміз. Былтыр «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауына азаматтардан 124 мың  өтініш келіп түсті. Олардың басым бөлігі шешілді. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, халық үніне құлақ асатын партия дегеніміз осы», – деді партия төрағасы. 

Қабылдау қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов азаматтарды толғандырған барлық мәселені жеке бақылауына алды.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью