Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Aikyn.kz технологиялық нарықта құны 3 трлн доллардан асқан компанияның өсу тіректерін Reuters хабарламасына сүйеніп талдайды.
Amazon акциялары дүйсенбіде (3 шілде) 5%-ға өсіп, бір акцияның құны $285 долларға жетті. Жыл басынан бері Amazon бағалы қағаздары 23%-дан астам қымбаттады. Бұған компанияның жақсы қаржылық нәтижелері мен жасанды интеллектің бұлттық есептеу қызметтеріне деген сұраныстың күшейіп жатқаны көмектесті.
Amazon табысының негізгі тірегі саналатын Amazon Web Services бөлімшесі соңғы төрт жылда ең жоғары өсім қарқынын көрсетіп отыр. Компания OpenAI, Anthropic, Meta және басқа технологиялық ойыншылармен бұлттық инфрақұрылым мен микросхема жеткізу бойынша серіктестігін кеңейткен.
Nationwide компаниясының бас нарық стратегі Марк Хакетт Amazon-ды қазіргі экономиканың символы деп атады: «Amazon – тұтынушылық сұраныс пен жасанды интеллектің тоғысқан жері».
Инвесторлар бұған дейін ірі технологиялық компаниялар ЖИ инфрақұрылымына жұмсайтын шығындарын қысқартады деп алаңдаған болатын. Алайда Amazon мен Microsoft бұндай жоспардан бас тартпағанын көрсетті. Керісінше, олар жоғары инвестицияны сақтап, сонымен бірге ақша ағынын басқаруға қабілетті екенін дәлелдеді.
Бұл жағдай Magnificent Seven (Mag 7) деп аталатын технологиялық алыптардың арасында айырмашылық пайда болғанын аңғартады. Бұрын инвесторлар оларды біртұтас топ ретінде қабылдаса, енді әр компанияның қаржылық тұрақтылығы мен капиталдық шығынын жеке бағалай бастады.
Соңғы тоқсанда Tesla мен Alphabet теріс ақша ағынын тіркеді. Meta-ның еркін ақша ағыны 91%-ға қысқарды. Ал Microsoft пен Amazon капиталдық шығындарды ұлғайтқанына қарамастан, нарық сеніміне ие болды.
«Біз енді Mag 7 ішіндегі жеңімпаздар мен жеңілгендерді анық көре бастадық. Бұл нарық үшін дұрыс құбылыс», – дейді Хакетт.
Amazon-ды Джефф Безос 1994 жылы құрған. Компанияның капитализациясы 2024 жылғы маусымда алғаш рет 2 трлн долларға жеткен еді. Арада екі жылдан сәл астам уақыт өткенде оның құны тағы бір триллион долларға өсті.
Ал Nvidia мен Apple – нарықтық капитализациясы 5 трлн доллар болатын әлемдегі ең қымбат компанияларға айналды. Бірақ Amazon жетістігінің ерекшелігі – оның бір мезетте электронды саудаға, бұлттық технологияларға, чиптерге және жасанды интеллект инфрақұрылымына сүйенуінде.
Бұл меже ЖИ жарысында тек үздік модель жасаған компания емес, сол модельдерге есептеу қуатын, сервер мен бұлттық инфрақұрылым ұсынған ойыншылар да орасан табысқа кенеле алатынын көрсетті.