Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
The Associated Press хабарламасына сілтеме жасаған Aikyn.kz америкалық кедей отбасыларға берілетін көмектің қысқару себебін талдайды.
АҚШ Ауыл шаруашылығы министрі Брук Роллинз осы аптада SNAP азық-түлік көмегі бағдарламасынан 4,3 млн адамның шығуын алаяқтықпен күреспен және экономиканың жақсаруымен түсіндірді. Оның сөзінше: «4,3 млн америкалыққа арналған азық-түлік талоны тоқтатылды. Бұл көп жағдайда алаяқтыққа, талапқа сай келмегендердің де бағдарламаға кіруіне және экономиканың жақсаруына байланысты».
Алайда сарапшылар бұған сенбейді. АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдын ала дерегіне сәйкес, SNAP қатысушыларының саны 2025 жылғы қаңтардағы 42,83 миллионнан 2026 жылғы қаңтарда 38,55 миллионға дейін азайған.
Бұл – шамамен 10% төмендеу. Бірақ мамандардың пікірінше, басты себеп – өткен жазда республикашылдар Конгрестен өткізген салық пен шығындарды қысқарту туралы жаңа заңға байланысты. Конгрестің Бюджет басқармасы бұл құжаттың 10 жыл ішінде SNAP шығынын 186 миллиард долларға, яғни 20%-ға қысқартатынын болжаған.
Cornell университетінің профессоры Роджер Фигероа: «Деректер көрсеткендей, қатысушылар санының азаюы, бағдарлама талаптарының қатаңдауымен байланысты», – деген.
Алаяқтық деңгейі бұндай құлдырауды түсіндіре алмайды. 2023 қаржы жылында SNAP бойынша алаяқтық үшін 41 476 адам ғана бағдарлама құқығынан айырылған. Бұл 42 176 946 қатысушының 1%-ына да жетпейді.
Connecticut университетінің профессоры Кейтлин Каспи: «Алаяқтықтың едәуір азаюы SNAP қатысушыларының қысқаруына басты себеп болды дегенді растайтын дәлел көріп тұрған жоқпын», – дейді.
Экономика өскенмен, азық-түлік бағасы да қымбаттап жатыр. 2025 жылы 3,1%, ал 2026 жылы 2,9% өседі деп күтілген. Жалақының 3,4% өсуі наурызда инфляцияның 3,3% деңгейінен сәл ғана асқан. Бірақ бұл барлық отбасыға бірдей көмектеспеген.
Michigan университетінің профессоры Кейт Бауэр: «Елімізде кедейлік мәселесі сақталып отыр... Адамдардың көбі, тіпті жақсы экономикалық кезеңнің өзінде, отбасын кедейліктен шығара алмайды», – дейді.
Сарапшылар ең шешуші фактор ретінде 940 беттік HR 1 заңын атайды. Ол еңбекке жарамды, бірақ асырауында адамы жоқ ересектерге қойылатын талаптарды күшейткен. Бұрын 54 жастан асқандар бағдарламаға кіре алса, енді бұл шек 64 жасқа көтерілген. Сондай-ақ баласына қарайтын адамдарға берілетін жеңілдік жасы 18-ден 14-ке төмендетілген. Негізгі құлдырау да заң қабылданғаннан кейін болған. 2025 жылғы қаңтар-маусымда бағдарламаға қатысушылар саны 743 572 адамға қысқарса, ал 2025 жылғы шілде – 2026 жылғы қаңтарда бағдарламадан шығып қалғандар саны шамамен 3,47 миллион адамды құраған. Сондықтан SNAP-тегі құлдыраудың басты себебі – экономиканың жақсаруы емес, заңдағы қатаң өзгерістер деген тұжырым күшейіп отыр.
Қысқаша ақпарат
АҚШ-та азық-түлік талоны деп SNAP бағдарламасы аталады. Бұл – табысы төмен адамдар мен отбасыларға азық-түлік сатып алуға берілетін мемлекеттік көмек. SNAP-пен әдетте нан, сүт, жұмыртқа, жеміс-жидек, көкөніс, ет, жарма сияқты азық-түлік алуға болады. Бірақ ыстық дайын тағам, алкоголь, темекі және азық-түлікке жатпайтын тауарлар сатып алуға рұқсат етілмейді.
Қаражат қағаз талон емес, арнайы EBT картасына ай сайын түседі. Көмектің көлемі отбасының табысына, адам санына және штатқа байланысты өзгереді. 2026 жылы АҚШ-тың 48 штаты мен Колумбия округінде ең аз айлық төлем 1-2 адамдық отбасы үшін 24 доллар, ал ең жоғары төлем 1 адамға 292 доллар, 4 адамға 975 доллар, 8 адамға 1 756 доллар болып белгіленген. Аляска, Гавайи, Гуам және Виргин аралдарында өмір сүру құны жоғары болғандықтан төлем мөлшері бұдан көбірек.
Бұл көмек негізінен табысы аз отбасыларға, қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға және кейбір заңды иммигранттарға беріледі. Қазақстандағы атаулы әлеуметтік көмекке ұқсайды.