Ана тіліндегі контент мемлекетшілдікті қалыптастырады

05.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Ғалымдардың зерделеуін­ше, адам ақпаратты өз ана тілінде қабылдағанда ғана оны тереңірек түсінеді, байыбына барады, түйсіне алады. Себебі тіл – біз айтып жүргендей жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол адамның дүниетанымын қалыптастыратын рухани орта. Ғылыми мақала болсын, деректі фильм немесе әлеуметтік желідегі қысқа видео болсын, егер ол туған тілде ұсынылса, көрермен оны жақын қабылдайды.

Narxoz университеті CISTO зерттеу орталығының директоры, PhD Мадияр Саудбаевтың ­айтуынша, ол бұл мәселеге кейінгі кезде зерттеп жүрген алгоритмдер мәселесі тұрғысынан жауап бергісі келеді. Өйткені бүгінгі ақпараттық кеңістікте адамның не көретініне көбіне өзі емес, алгоритмдер шешім қабылдай бастады.

«Әсіресе TikTok, Instagram Reels, YouTube Shorts сияқты платформаларда адам ақпаратты іздемейді, керісінше алгоритм адамның назарын не ұстап тұратынын есептеп, контентті өзі ұсынады. Бүгінгі балалар цифрлық ортада туып, жасанды интеллект дәуірінде өсіп жатыр. Олар ақпаратты біз сияқты іздеп таппайды, ақпарат оларды өзі та­уып келеді. Олардың дүниетанымын енді мектеп пен отбасы ғана емес, алгоритмдер де қалыптастырып жатыр. Қазіргі медиакеңістікте бас­ты ресурс мұнай да, ақша да емес, адамның назары. Сондықтан әлеу­меттік желілер адамның назарын мүм­кіндігінше ұзақ ұстап тұруға құрылған. Бүгінде «назар экономикасы» деген ұғымның жиі айтылуы да содан. Жақында шетелдік ғылыми басылымға мақала дайындау барысында еліміздің орталық және аймақтық университеттеріндегі студенттер арасында шағын са­уалнама жүргіздік. Қазақ тобының студенттерінен Instagram мен TikTok-та көрсетілген алғашқы он қысқа видеоны қарап, соның нешеуі орыс тілінде екенін сұрадық. Ал орыс тобының студенттерінен неше видео қазақ тілінде шыққанын анық­тадық. Нәтиже алаңдатарлық. Қазақ тобы студенттерінде кейде алғашқы он видеоның төрттен бірі, кейде үштен бірі орыс ті­лінде ұсынылады. Ал орыс тобы сту­дент­теріне қазақ тіліндегі контент мүл­дем дерлік көрсетілмейді. Бұл жай ғана цифрлық статистика емес, алго­ритмдердің қай тілді «негізгі», қай тілді «екінші деңгейлі» деп қабылдай бастағанының белгісі», дейді ол.

Ғалымның пікірінше, мұның артында «ақпараттық көпіршік» немесе «filter bubble» деген құбылыс жатқаны аян. Алгоритм адамның бұрынғы таңдауын талдап, соған ұқсас контентті үнемі ұсына береді. Нәтижесінде, адам өзі білетін, өзі қалайтын ақпараттың ішінде қалып қояды – басқа тіл, басқа көзқарас, басқа мәдениет оның экранына мүлдем түспейді. Көптеген зерттеу адамның ана тілінде оқыған немесе тыңдаған ақпаратты есте жақсы сақтайтынын көрсетеді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге бұл өте маңызды. Ана тілінде контент көріп өскен бала өз мәдениетінен алыстамайды, ұлттық болмысын жоғалтпайды. Қазір тілдің тағдырын тек әдебиет немесе мектептер емес, интернет кеңістігі де шеше алады. Егер белгілі бір тілде YouTube арналары, фильмдер, подкастар, ойын­дар, мобильді қосымшалар мен сапалы мақалалар аз болса, жастар басқа тілдегі контентке тәуелді бола бастайды.

«Мәселе тілі өзге тілде болған «тәрбиеші» – телефонда. Біз әлі білім жүйесін кінәлап жүргенде, алгоритмдер баланың тілдік ортасын әлдеқашан өзгертіп қойған. Қысқа видеолардың әсері тек тіл­мен шектелмейді. Оның екінші, тіпті тереңірек әсері – құндылықтар жүйесіне байланысты. Бала немесе жасөспірім қай тілдегі контентті көп тұтынса, уақыт өте сол тіл оның ойлау тіліне айналады. Бұдан бөлек, қысқа видеолар адамның терең ойлану қабілетіне де әсер етеді. Адам миы бірінен кейін бірі ауысатын ондаған видеоны қабылдаса да, олардың ешқайсысын толық саралап, өмірлік тәжірибеге айналдырып үлгермейді. Нәтижесінде, тұрақты білімнен гөрі өткінші эмоция көбейеді. Құндылық дегеніміз бір сәттік әсер емес. Ол – уақыт өте жиналған тәжірибе, ой, бақылау мен әрекеттің қорытындысынан қалыптасатын ішкі жүйе. Ал қысқа видеолар адамды елітіп әкетеді де, ойды тереңдетуге мүмкіндік бер­мейді», дейді Мадияр Саудбаев.

Осы мәселе туралы Париж­дегі «KazFashionParis» француз қауым­дастығ­ының негізін қалау­шы-төрайымы, сондағы Қазақ­стан ел­шілігінің аясындағы «Абай» Қазақ мәдени орталы­ғының ерікті жетекшісі Баян Жан­бауоваға хабарластық. Шетелде тұратын қазақ ретінде, оның үстіне бала тәрбиелеп отырған ана ретіндегі оның пікірін білдік.

«Мен шетелге саналы жасымда көштім. Содан болар ана тілді ұмытпай таза ұстану аса қиын болған жоқ. Әрі өз балаларым үшін де, басқа қазақтардың балаларына тіл сабақтарын өткі­здім. Өзара тек қазақша сөйле­се­міз. Күнделікті қазақ тілінде ақпарат алу, ел жаңа­лықтарына құлақ түру – біз үшін, жүрегінің, жанының жарты бөлігінде елде қалдырған сырт­­тағы қазаққа тіл­ді сақтап қалу мақсатында өте ма­ңызды. Шетелде өмір сүріп жат­қан қазаққа ана тіліндегі контент – жай ғана ақпарат алу емес. Бұл адамның түп-тамырымен байланысы, рухани қажеттілігі, ұлттық болмысын сақтап қалу амалы. Әсіресе балалы анаға бұл мәселенің маңызы өте терең. Бала дүниеге келген сәттен бастап ана баланың бойына тіл, мәдениет, мінез, дүниетаным қасиетін сіңіреді. Егер бала күнделікті тек өзге тіл­дегі ортада өссе, уақыт өте келе ана тілінен алыстай бастайды. Ал тіл­мен бірге ұлттық сезім, салт-дәстүр деген жақындық та әлсірейді. Сон­дықтан шетелдегі қазақ анасына ана тіліндегі контент – баласына қазақы рухты жеткізудің ең та­биғи жолдарының бірі. Қазақ тілін­дегі мультфильмдер, ертегілер, әндер, кітаптар, блогтар немесе пайдалы бағ­дарламалар балаға тілді үй­ре­ту ғана емес, балала­рым­ның санасында өскен сайын үлкен тағы бір мәдениеттің бөлігі екенін қалыптастыруға тырысамын. Болашақта өзіне сенімді, тамырын білетін тұлға болып өсуіне көмектеседі», дейді ол.

«AR Sana» жобасының бас жетек­шісі Айнұр Нұрәділдің көз­қарасынша, балаға ана тілі оның әлемді тануы, эмоцияны сезінуі, өзін қауіпсіз әрі жақын ортада сезінуі. Сондықтан баланың контентті өз ана тілінде көруі өте маңызды.

«Бұл мәселе жеке тәжірибеммен де байланыс­ты. Ұлым кішкентайы­нан қазақша сөйлеп өсті. Маған бұл өте маңыз­ды болды. Алайда біз Нью-Йоркке көшкенде балам үш жаста еді. Сол ортадан бастап ол кө­біне орысша сөйлесе бастады, мульт­фильмдерді де орыс, ағылшын тілінде қарайтын болды. Қазір қазақ мектебінде оқығанымен, үзіліс кезінде балалардың көбі автоматты түрде орыс тіліне көшеді. Осы жағдай маған бір нәрсені анық түсіндірді: баланың күнделікті көретін контенті оның тілдік ортасына өте қатты әсер етеді. Егер мультфильмдер, ойындар мен балаларға арналған контент басқа тілде болса, бала сол тілге табиғи түрде жақындай береді. Сондықтан қазақ тіліндегі сапалы контенттің маңызы өте зор. Себебі тіл тек мектеп арқылы емес, эмоция, қызығушылық және күнделікті қолдану арқылы сақталады. Өкініш­ке қарай, бүгінде қазақ тілін­де­гі сапалы балалар контенті аз. Көп жағдайда балаларға ұсынылатын контенттің деңгейі әлемдік анимация индустриясымен бәсекелесе алмайды. Мысалы, «Балапан» арна­сының маңызы зор бол­ғанымен, кей контенттердің сапа­сы әлі де дамытуды қажет етеді. Ал қазіргі балалар «Disney», «Pixar», «Netflix» секілді әлемдік көшбасшылардың өнімдерін көріп өсіп келеді. Сондықтан қазақ тіліндегі контент тек аударма емес, сапа жағына қарай ұмтылуы керек.

Осы себепті біз «AR Sana» қосым­ша­сын ең алдымен қазақ тілінде жасап жатырмыз. Бұл техникалық тұрғыдан әлдеқайда қиын, себебі қазақ тілінде дайын модельдер аз, көп нәрсені қолмен жасауға тура келеді. Соған қарамастан, бұл таңдауды саналы түрде жасадық. Себебі бұл жай технологиялық ше­шім емес, тілдің болашағына қа­тысты ұстаным. Қазір балалардың кейбірі қазақ тіліне тән дыбыс-тарды дұрыс айта алмайтынын жиі бай­қаймын. Бұл – тілдік ортаның әлсіреп бара жатқанын көрсететін ма­ңызды белгі. Егер бала ана тілін күн­делікті сапалы контенттен естімесе, оның дыбыстауы мен сөйлеу мәде­ниеті де толық қалыптаспайды. Кейінгі жылдары қазақ тіліне материалдар аударып, контентті бейімдеп жүрген көптеген волонтерлік ұйымның пайда болуы үлкен үміт сыйлайды. Олар әлемдік білім беру және балалар контентін қазақ тіліне қолжетімді етіп, тілдің сақталуына үлкен үлес қосып жатыр. Менің ойымша, дәл осындай бастамалар болашақта қазақ тілінің жаңа цифрлық кеңістікте өмір сүруіне көмектеседі. Сондықтан ана тіліндегі балалар контентін дамыту – жай ғана медиа жасау емес. Бұл – тілдің, мәдениеттің және келесі ұрпақтың болашағын сақтау», дейді ол зерттеуіне сүйеніп.

Қазіргі уақытта әлемдегі ірі тіл­дер өз ықпалын дәл осы цифрлық контент арқылы күшейтіп отыр. Netflix, TikTok, Spotify секілді платформалар тек көңіл көтеру құралы емес, мәдени ықпал тарататын алаңға айналды. Сондықтан қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейту – тілді сақтаудың ең заманауи жолдарының бірі. Ана тіліміздегі контенттің тағы бір маңызды қыры – ақпараттық тәуелсіздік. Егер қоғам өз жаңалығын, сараптамасын, ғылыми және мәдени өнімдерін ана тілінде тұтынбаса, онда ол өзге ақпарат­тық кеңістіктің ықпалына түседі. Мысалы, халықаралық оқиғалар туралы ақпаратты тек шетелдік медиадан оқыған адам сол елдің көзқарасын қабылдайды. Ал сол жаңалық ана тілінде, жергілікті контекстпен түсіндірілсе, оқырман оқиғаны өз қоғамының мүддесі тұрғысынан баға­лай алады. Бір сөзбен айтқанда, контентті ана тілінде көру – мәдени қауіпсіздік, ұлттық сана, ақпараттық тәуелсіздік және болашақ ұрпақтың рухани иммунитеті мәселесі.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью