Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Бір топ ана «жыл аяқталар тұста баспаналы боламыз» деген арманы көзден бұлбұл ұшқанын айтып, қынжылысын жеткізіп отыр. Нәзікжандылардың назына құлақ түрсек, жеті-сегіз жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кезекке тұрғанымен, бүгінде «кестеге сәйкес берілуі тиіс баспаналарынан айырылып қаламыз ба?» деген қорқыныштары басым. Себебі кезек жылжыр емес. Тіпті, соңғы кездері берілуі тиіс баспаналарын кезектен алып тастауы жайында қауесет желдей есіп тұр. Соған орай бір үйге зар болып жүрген жандар кімге шағымданарын білмей, шарадай басы шақшадай күйге түскен.
Баспана дауымен бас қатырып жүрген сондай жанның бірі – қызылордалық Балжан Тойманова. Оның айтуынша, 2018 жылдан бастап тұрғын үй кезегінде тұр. Нақтысын айтқанда, сол жылдың мамыр айынан бастап үй кезегінде тұрған көпбалалы ана әлі күнге дейін бір баспанаға қол жеткізе алмай әлек. Мәселесін айтып, әкімдікті жағалағанымен, еш нәтиже болмай тұрғанына ашынып отыр.
«2018 жылдың мамыр айында көпбалалы ана ретінде тұрғын үйдің кезегіне тіркелдім. Қазіргі уақытта кезекте 143-ші болып тұрмын. Алайда соңғы кездері кезек реттілігімен берілуге тиіс баспанамызды алу қиындап барады. Соған орай үш айдан бері кімге шағымданарымызды білмей, сенделіп жүрміз. Біресе қала әкімі, біресе отбасы банк мамандары шақырады. Кімге барсақ та, әне-міне берілетінін айтып, қүрғақ уәдемен шығарып салады. Енді соңғы күндері біздерге кезек реттілігімен берілуге тиіс баспанамыздың мүлде берілмейтіні жайында қауесет желдей есіп тұр. Яғни, кезегіміз жақындап тұрғанына қарамастан, үйдің берілмейтіні жайында алып-қашпа сөздерді естіп жүрміз. Күнделікті жеті баламды үйге қараусыз қалдырып, таң атпастан әкімдікті жағалаумен әбігерге түсіп жүрмін. Бірақ мәселенің оң шешімін табар түрі көрінбейді», – деп мұңын шақты ашынған ана.
Негізінен, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Сыр өңірінде халықты баспанамен қамту, инфрақұрылымды қайта жаңғырту бағытында жылма-жыл тиісті шаралар қабылданып жатқаны жайында құзырлы орындар тарапынан ауыз толтырып айтылып жүр. Бұл тұрғыда облыс әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, 2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталыпты. Оның ішінде соңғы үш жылда облысқа қарасты аудандар бойынша 1 800-ге жуық пәтер кілті өз иелеріне берілген. Соның айқын дәлелі ретінде жаңа жыл қарсаңында жылдағы дәстүрге сай Қызылорда қаласының сол жағалауынан бой көтерген тоғыз қабатты 120 пәтерлік тұрғын үйдің кілті кезекте тұрған отбасыларға берілгені көпке жария болды. Одан бөлек, Арал қаласында 60 пәтерлік 30 тұрғын үй, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 80 пәтерлік 40 тұрғын үй әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, Байқоңыр қаласында да кезекке сәйкес үйлер табысталғанын сүйіншілеп жатыр. Алайда дәл осындай баспана бақытына кенелуге үміт артқан қызылордалық көпбалалы аналар қанша шырылдаса да, жанайқайы құзырлы орындардың назарынан тыс қалғанын түсінбей дал болып жүр.
«Кейінгі кездері үйіміздің кезегі мүлде жылжымай жатыр. Биыл да бірқатар санаттар бойынша көптеген отбасыларға баспана берілді. Алайда біз секілді көпбалалы аналар ескерусіз қалып қойды. Оның нақты себебі беймәлім. Осы орайда тағы бір айта кететін жәйт, бүгінде баспана беру тәртібін кезек реттілігімен емес, жылмен белгілеп қойыпты. Ал жыл реттілігіне қарайтын болсақ, әлі талай пәтер жағалайтын түріміз бар. Аналардың шымбайына батыр тұрған мәселе – осы. Күніге облыс, қала әкімдігі мен Отбасы банкін жағалаумен шаршадық. Жауапты тұлғалар құрғақ уәдемен шығарып салады. Нақты жауап ала алмай келеміз. Әкімнің қабылдауына да кіре алмай жүрміз. Ең болмаса, аналарға баспана берілетін уақытын айтпай отыр. Жанайқайымызды еститін құлақ жоқ. Кімге шағымданарымызды білмей шырылдап жүрміз», – дейді Жанар Шереева.
Сол сияқты 9 баланың анасы Гүлбақыт Төремұраттың да тұрғын үй кезегіне тұрғанына аз уақыт болмапты. Жыл сайын құрғақ уәдеден шаршаған ол мәселенің жедел шешілуін талап етіп отыр.
«Баспана мәселесімен шырылдап жүргеніме 4 ай болды. Кірмеген есігіміз жоқ. Түрлі сылтаумен шығарып салады. Біз бүгін үй берсін деп отырғанымыз жоқ. Ең болмаса, кезегіміздің қозғалмауы себебін халық алдында ашып айтып берсе болар еді. Бұл сауалымызға да жауап ала алмай отырмыз», – дейді ол.
Наразы топтың айтуынша, көпбалалы аналарға баспана беру мәселесімен бас ауыртып жүрген жан көрінбейді. Қай есікті жағаласа да, түрлі сылтау айтып шығарып салады деп ашынып отыр.
Өз кезегінде ақжаулықтылардың базынасын Қызылорда қаласы әкімдігінен сұрап көрдік.
«Бұл мәселе бойынша нақты шешім айту қиын. Әкімдік тарапынан кезекке қою реттілігін нақтылай алмаймыз. Өйткені жергілікті әкімдіктен тұрғын үй кезегіне қатысты функция алынып тасталды. Қазір кезек реттілігіне қатысты мәселе бойынша жауапты орын Отбасы банк болып табылады. Сондықтан көпбалалы аналардың талабы бойынша кезекпен үй беру мәселесі аталмыш банк арқылы реттеледі», – деп мәлімдеді бұл жайында Қызылорда қаласы әкімдігінен.
Осы орайда әкімдік өкіл-дері Қызылорда қаласы бойынша өткен жылдың 11 айында 1 112 адам үй алғанын мәлімдеді. Бұған қоса, жуырда тағы қосымша 135 тұрғынға жаңа пәтердің кілті табысталыпты. Негізінен, тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары қала аумағында жылма-жыл тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын жеткізіп отыр.
Жалпы, аналардың жанайқайы кешелі-бүгін туындаған мәселе емес. Ашынған аналар былтырдан бері әділдік іздеп табандарынан тозып жүргенін алға тартып отыр. Әзірге талай есікті тоздырған 15 көпбалалы ана шағымдарын ескеретін жан табылмайтын тұрғанына наразы. Ал жергілікті әкімдік тарапынан жауапты деген Отбасы банктен әлі күнге дейін нақты шешім болар емес.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы