Ананың ала дорбасын алмастырған сары сөмке

30.06.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Сонымен бірге платформалық жұмыспен қамту саласында 300 мыңға жуық әйел еңбек етеді. Алайда олардың қаншасы декретте отырып қосымша табыс тауып жүргені әзірге нақты белгісіз.

90-жылдары отбасы үшін ала дорба арқалаған ана сол дәуірдің бейнесі болып қалды ма деуші едік. Бірақ жуырда Алматы көшелерінде сәбиін құшағына қысып, тапсырыс жеткізіп жүрген жас ана әйел затының жанкештілігін қоғамға тағы бір дәлелдеді. Замандасымыздың осы бір күйбең тіршілігінің көрінісін жұртшылық әлеуметтік қолдау жүйесіндегі түйткілдердің бірі деп қабылдап, қызу талқылаған еді. Қоғам қандай уәж айтса да, Еңбекминнің айтар аргументі жеткілікті болды. Асқарбек Ертаевтың сөзінше, бұл оқиғаны тек бір отбасының әлеуметтік ахуалымен байлан­ыстыру жеткіліксіз.

«Біз бұл отбасының жағдайын мұқият зерттедік. Олар 19 мамыр күні Алматы қаласына келіп, өз күштерімен өмірін жолға қоюға талпынып жатыр. Әйелдің курьер болып тіркелгені рас. Бірақ жұбайының ауыр науқас екендігі жөніндегі ақпарат расталмады. Оның ақпараттық технологиялар саласында жоғары білімі бар, сондай-ақ екі миллион теңге көлемінде автонесиесі бар екені белгілі болды. Отбасының жақын туыстарының да тұрақты кәсібі бар, сондық­тан олардың материалдық жағдайын тым ауыр деп бағалау дұрыс болмайды», – деді Асқарбек Ертаев.

Оның пікірінше, мәселенің екінші қыры – платформалық жұмыспен қамту жүйесінің қауіпсіздігі мен жауапкершілігіне қатысты сұрақтар.

«Бұл жағдай біз үшін жаңа мәселелерді көтерді. Әйел жұмысқа орналасу кезінде қандай нұсқаулықтан өтті, оған еңбек қауіпсіздігі талаптары қалай түсіндірілді, сәбиімен бірге жұмыс істеуіне қандай жағдайда рұқсат берілді деген сұрақтарға жауап іздеуіміз керек», – деді министр.

Алайда қоғамдағы талқылау тек отбасы­ның материалдық жағдайымен шектелген жоқ. Сенат депутаты Сергей Карплюк бұл мәселеде ең алдымен адамдық ұстаным алдыңғы қатарға шығуы қажет екенін айтты. Оның пікірінше, отбасының әл-ауқаты қандай деңгейде болса да, ана мен балаға қатысты жағдайларға барынша сезімтал қарау маңызды.

«Егер мәселе ана мен балаға қатысты болса, оны табыс деңгейімен немесе отбасының жағдайымен өлшеуге болмайды. Мұндай мәселелерді нақты қарап, жан-жақты зерделеу қажет. Ең бастысы – адамдық тұрғыдан қарап, қолдан келгенше көмек көрсетуге ұмтылу. Өйткені ана мен балаға қатысты тақырып ешқашан қоғам назарынан тыс қалмауға тиіс», – деді Сергей Карплюк.

Табыс пен жәрдемақы арасындағы таңдау

Бұл түйткіл екінші бір тақырыпты қаузап өтуге сеп болды. Себебі желі қолданушылары жаппай әлеуметтік төлемдерге қатысты заңнамалық мәселелерге қайта назар аудара бастады. Мәселен, егер ата-ана декреттік төлем алып жүріп жұмысқа шықса немесе тұрақты табыс таба бастаса, бұл туралы мемлекетке өзі хабарлауы керек. Мұндай талап Әлеуметтік кодекске 2023 жылы енгізілген.

Бұған дейін көптеген әйел декретте отырып қосымша жұмыс істеп, жәрдемақы­сын қатар алып келген. Кейбірі заңның өзгергенін білмей, бұрынғыдай жұмысын жалғастырған. Бірақ қазір ереже басқа. Егер ана жұмыс істей бастағанын уақытында хабарламаса, жәрдемақы төлене береді. Алайда кейін бұл анықталса, мемлекет артық төленген ақшаны кері қайтаруды талап етуі мүмкін. Сондықтан болар жас аналар көп жағдайда бірі курьер болып қызмет етуге мәжбүр болса, енді бірі өз асханасында жартылай фабрикаттар дайындап табыс табуды көздейді. 

Дегенмен Finprom сарапшылары бұл салада еңбек етіп, қаржыға қарқ боламын деу қате екенін айтады. Себебі мамандар жүргізген талдау әлеуметтік желілер мен жұмыс іздеу сайттарында айтылып жүрген курьерлердің 1,5 миллион теңге табысы көбіне жарнамалық сипатқа ие екенін көрсетті. Сарапшылардың айтуынша, мұн­дай табысқа ұзақ ауысыммен жұмыс істеп, күніне өте көп тапсырыс орындайтын қызметкерлер ғана қол жеткізуі мүмкін.

– Хабарландыруларда көрсетілетін ең жоғары табысты барлық курьердің тұрақты жалақысы ретінде қабылдауға болмайды. Көрсетілген сомаларға салық, әлеуметтік аударымдар мен көлік шығындары кірмейді. Сондықтан нақты қолға тиетін табыс әлде­қайда төмен болады, – дейді Finprom сарапшылары.

Портал деректеріне сәйкес, Алматы мен Астанада курьерлердің орташа табысы шамамен 300 мың теңгені құрайды, ал ең белсенді қызметкерлер 450-500 мың теңгеге дейін табыс табуы мүмкін. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында пошта және курьерлік қызмет саласындағы орташа жалақы 291,9 мың теңге болған.

– Миллион теңгеден асатын табыс туралы әңгіме негізінен ірі агрегатор ком­паниялармен жұмыс істейтін курьерлерге қатысты. Алайда мұндай көрсеткіштер ең­бек қарқыны жоғары және ұзақ жұмыс уақытымен байланысты, – деп атап өтті Finprom мамандары.

Декрет «демалыс» емес

Қазіргі қоғамда декреттік демалысты аналардың бала тәрбиесіне алаңсыз көңіл бөлетін кезеңі ретінде қабылдайды. Алайда шын мәнінде көптеген отбасы үшін бұл уақыт қаржылық қиындықтармен, қосымша табыс іздеумен және күнделікті тұрмыстың қамымен қатар жүреді. Бүгінде декреттегі аналардың басым бөлігі бала тәрбиесімен бірге отбасының материалдық жағдайын жақсартудың жолдарын қарастыруға мәжбүр.

Қазақстанда заң бойынша бала күтіміне байланысты демалысты тек ана ғана емес, әке де рәсімдей алады. Алайда бұл құқықты пайдаланатын ер-азаматтардың саны өте аз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы бес айында бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне арналған әлеуметтік төлемді 431 мыңнан астам адам алған. Оның 99,8 пайызын әйелдер құраса, ер адамдардың үлесі небәрі 0,2 пайыз болған. Осы кезеңде бала күтімі бойынша төлем 134 әкеге ғана тағайындалған.

Бұл статистиканың артында мыңдаған ананың өмірлік тәжірибесі жатыр. Солардың бірі – үш баланың анасы Айнұр (аты өзгертілді). Қазір ол үй жағдайында жартылай фабрикаттар дайындап, сатып, отбасының табысына үлес қосып отыр. Оның айтуынша, бұл – өз қа­лауы­нан туған кәсіп емес, тұр­мыстық жағдайға байланысты мәжбүрлі шешім.

– Үш балама ай сайын алатын жәрдем­ақым шамамен 33 мың теңге ғана. Қазіргі бағамен бұл ақшаға көп нәрсе ала алмайсың. Бір ғана сапасы орташа жөргектің өзі 7-8 мың теңге тұрады, айына кем дегенде екі қаптама аламыз. Одан бөлек, балалардың тамағы, киімі, күнделікті қажеттіліктері бар. Кейде айдың соңына қарай тиынды санап отыратын кездер болады. Сондықтан қол қусырып үйде отыруға мүмкіндік жоқ, – дейді көпбалалы ана.

Айнұрдың айтуынша, ресми жұмысқа шығу мәселесін де бірнеше рет ойластырған. Бірақ мұндай шешімнің өз қиындығы бар. Себебі жұмысқа орналасқан жағдайда бала күтіміне байланысты төленетін әлеуметтік төлем тоқтатылады.

– Ресми жұмысқа шықсам, жәрдемақыдан қағыламын. Ал оның орнын бірден толықты­ратын тұрақты табысқа кепілдік жоқ. Оның үстіне кішкентай балаларды қарайтын адам табу да оңай емес. Сондықтан үйден шықпай-ақ табыс табудың жолын іздеуге тура келді. Қазір тұшпара, мәнті, котлет сияқты жар­тылай фабрикаттар жасап сатамын. Кейде тапсырыс көп болады, кейде азаяды, бірақ бәрібір отбасы бюджетіне аз да болса көмек, – дейді ол.

Айнұрдың жағдайы еліміздегі көптеген анаға таныс. Бірі тәтті пісіріп сатады, бірі тігін тігеді, енді бірі онлайн қызмет көрсетеді. Декреттік демалыс көптеген әйел үшін тынығу емес, қайта қосымша еңбек ететін кезеңге айналып отыр.

– Жолдасымның жұмысы маусымдық болғандықтан, табысы бір ай бар, бір ай жоқ дегендей. Сондай кезде шығынды барын­ша қысқартамыз. Балаларды дамытуға, қосымша білім беруге мүмкіндік болмай қалады. Кішкентайымды массажға апарғым келеді, бірақ оның өзі қомақты қаражат талап етеді. Үлкен балаларымды үйірмелерге, тіл курстарына немесе спорт секцияларына беруді де әзірге кейінге қалдырып жүрміз. Ана ретінде әр баланың қабілетін дамытуға жағдай жасағым келеді, бірақ оған қаржы жағы қолбайлау болып отыр, – дейді Айнұр.

Оның пікірінше, қазір декреттегі көптеген ана дәл осындай жағдайда өмір сүріп жатыр.

– Балаларымыз ештеңеден тарықпаса екен деп еңбек етеміз. Аналар үшін декрет – демалыс емес, жауапкершілігі еселенген кезең. Баланың күтімімен қатар, отбасының қаржылық жағдайын да ойлауға тура келеді. Сондықтан көпшілігіміз қосымша жұмыс істеуге мәжбүрміз. Ең бастысы – балалары­мыз­дың болашағы үшін еңбектенуден шаршамаймыз, – дейді ол.

Сарапшылардың айтуынша, бала күтіміне байланысты демалысты әкелердің сирек рәсімдеуіне тек дәстүрлі көзқарас емес, эко­номикалық себептер де әсер етеді. Көп­теген отбасында негізгі табыс көзі ер адамның еңбекақысы болғандықтан, оның жұмыстан уақытша қол үзуі қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін. Сондықтан бала күтімі көбіне аналардың мойнына жүктеледі.

Кәмила ДҮЙСЕН

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью