Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Қостанай қаласының тұрғыны Владимир Шремф құжаттарда қайтыс болды деп көрсетіліп, тоғыз күн бойы өзінің жеке деректерін пайдалана алмаған, хабарлайды Aikyn.kz сайты Аzattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап.
Айтуынша, ол Әулиекөл аудандық ауруханасына қарасты емханаға 30 наурызда қайтыс болған анасының өлімі туралы анықтаманы тапсырған. Алайда мекеме қызметкері жаңылысып, жүйеге өтініш берушінің өз деректерін енгізіп жіберген.
Владимир Шремф өзінің «қайтыс болғанын» 2 сәуір күні ЭЦҚ мен ЖСН қолдану кезінде қиындыққа тап болғанда білген. Емханаға жүгінгенімен қателік жедел түзетілмеген, облыстық денсаулық сақтау басқармасына ақпарат 6 сәуірде ғана жолданған. Салдарынан ер адам бірнеше күн бойы жұмыс істемеген. Көлік жүргізе алмай, құжаттарын пайдалана алмаған.
Мәселе адвокат Ділмұрат Сәрсеновке жүгінгеннен кейін шешімі табылған. Ол тіркеуші орган мен АХАТ-қа шағым жолдап, қате енгізілген жазбаны жоюды талап еткен. Тоғыз күннен кейін мәртебе түзетіліп, Владимир Шремф құжаттарын қайта рәсімдеусіз-ақ жүйеде «қайта тірілген».
Адвокаттың айтуынша, зардап шеккен азамат енді сотқа жүгініп, медициналық мекемеден моральдық шығын өндіруді көздеп отыр.