Анеля Мамырова: Армения құрамасына соққан дебюттік голымнан кейін көзіме жас алдым

05.03.2026

Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Арменияға қарсы өткен ойын Қазақстан құрамасы үшін оңай болған жоқ. Алайда қазақстандық футболшылар қарсыластарынан бір бас жоғары екенін дәлелдей білді.

– Армения құрамасымен бұрын да ойнағанбыз. Мықты қарсылас. Бұл ойында мен ұлттық құрама сапындағы алғашқы дебюттік голымды соқтым. Керемет сезімді бастан кештім, тіпті қуаныштан көзге жас алдым. Енді алдағы 7 наурыз күні Астана Аренада Беларусь құрамасына қарсы ойнаймыз. Дайындық қызу жүріп жатыр, - дейді ұлттық құрама ойыншысы Анеля Мамырова.

Қазіргі таңда қыздар физикалық және психологиялық тұрғыдан қарқынды дайындық үстінде екенін айтты. Егер алдағы Беларусь пен Арменияға қарсы ойындарда жеңіске жетсе, Қазақстан құрамасы «B» лигасына жолдама алады. 

Ойыншылардың айтуынша, футбол олар үшін жай ғана жұмыс емес, өмірлерінің ажырамас бір бөлігіне айналған.

– Мені футболға ауылда ағам баулыды. Бала кезімізде ұлдармен бірге күнге күйіп, доп қуып жүретінбіз. Басында ата-анамыз жарақат алып қала ма деп уайымдап, қарсы болғаны рас. Бірақ қазір олар – біздің ең үлкен жанкүйерлеріміз. Спортпен айналысқан соң сырт көзге қатал көрінуіміз мүмкін, бірақ ішкі нәзіктік ешқашан жоғалмайды. Нәзіктік – қыз баланың жаратылысында бар нәрсе, - дейді Қазына Нарбаева.

Сұхбат барысында қыздар кәсіби спорт пен жеке өмірді қатар алып жүруге болатынын да тілге тиек етті. Назым Алданазардың сөзінше, 11 жасында футболға келгеннен бері оның бұл спортқа деген қызығушылығы еш кемімеген.

– Әр сәттен ләззат аламыз. Алаңға шыққанда бәрін ұмытамыз. Жанкүйерлердің қолдауы бізге үлкен күш береді, - деп түйіндеді сөзін Назым.

Еске сала кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін сәтті бастап, турнирлік кестедегі позициясын жақсартты.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью