Ansa.it: Трамп Иранға шабуыл жасайтынын 40 жыл бұрын айтқан

27.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

«Эпикалық қаһар» әскери операциясы басталғанға дейін 40 жылдан астам уақыт бұрын Иран Дональд Трамп үшін басты назардағы тақырыптардың бірі болған. Ол кезде Трамп тек жылжымайтын мүлік магнаты әрі табысты кәсіпкер еді, телешоуларға қатысып, «Saturday Night Show» сияқты бағдарламаларда көрініп, «Секс в большом городе» және «Один дома» секілді фильмдер мен сериалдарға да түскен.

1988 жылы The Guardian басылымына берген сұхбатында ол Иранға шабуыл жасау мүмкіндігін сөз етіп қана қоймай, нақтырақ айтқанда Харг аралына соққы беру туралы айтқан. Бұл арал қазіргі әскери операциялардың ықтимал нысандарының бірі ретінде қарастырылуы мүмкін.

Оның айтуынша, егер Тегеран америкалық кемелерге шабуыл жасайтын болса, онда ол «мұнай аралына сабақ беретінін» ескерткен. Ақ үйге әлі аяқ баса қоймаған кезеңде ол өзінің «Келісім өнері» атты кітабының таныстырылымында: «Мен араласамын және оны өз бақылауыма аламын», деп мәлімдеген.

Алайда Трамптың Иранға қатысты көзқарасы бұдан да ертерек, 1980 жылы қалыптаса бастаған. Тарихшылар Чарли Ладерман мен Брендан Симмстің айтуынша, бұл оның ішкі аудиторияға бағытталған алғашқы сыртқы саяси мәлімдемесі болған. NBC арнасына берген сұхбатында ол Ирандағы кепілге алынғандар дағдарысын АҚШ-тың халықаралық беделінің төмендеуінің белгісі деп бағалаған.

Журналисттің «Демек, сіз әскер кіргізіп, Вьетнамдағыдай азаматтарымызды қайтаруымыз керек дейсіз бе?» деген сұрағына ол: «Иә, дәл солай деп ойлаймын», деп жауап берген. Бұл ұстаным оның қазіргі позициясына да ұқсас. Тіпті жуырдағы сөздерінің бірінде ол Иранға қарсы соғыс мәселесінде «тағы бір Вьетнамнан қорықпайтынын» айтқан.

Ирандағы кепілге алынғандар дағдарысы 1979 жылы студенттердің Тегерандағы АҚШ елшілігін басып алуынан басталып, 52 америкалық дипломаттың екі жыл бойы тұтқында болуына әкелген. Дағдарыс 1981 жылдың 20 қаңтарына дейін созылған.

Сол сұхбатында Трамп Иран–Ирак соғысына да тоқталып, оның ауқымды қақтығысқа айналу қаупі бар екенін айтқан. Оның пікірінше, АҚШ бұл аймақтағы саясатты қалыптастыруға қатыспай қалған.

Бұл көзқарас кейін оның сыртқы саясатының негізгі қағидаларының біріне айналды. Бірнеше жылдан соң, 1987 жылы Нью-Гэмпширде сөйлеген сөзінде Трамп АҚШ-қа «Иранға шабуыл жасап, оның мұнай кен орындарының бір бөлігін басып алуды» ұсынған. Бұл Тегеранның АҚШ-қа қысымына жауап ретінде айтылған.

Айта кету керек, шамамен қырық жыл өткен соң да оның риторикасында осыған ұқсас тұжырымдар қайта көрініс тапты.

Еске сала кетсек, 14 наурыз күні Трамп АҚШ ирандық Харг мұнай торабындағы әскери нысандарды атқылағанын мәлімдеген еді.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью